Америкалық миллиардер Илон Маск дүйсенбіде әлемнің желілік ақпараттық кеңістігін шулатып қойды.
Басында кәсіпкер Мәскеу мен Киев арасында бейбіт келісімге келу туралы бастама көтеріп, төрт тармақтан тұратын жоспар ұсынды.
Миллиардердің ұсыныстарына Украинаға тарихты мойындап, Қырымды Ресейдің жері ретінде тануы; Ресейге қосылған аумақтарда БҰҰ-ның қатысуымен қайта референдум өткізу; Киевтің Қырымға су жеткізуі және Украина мемлекетінің бейтарап мәртебесін сақтауы кіреді.
Бұл бастамаларға алғашқылардың бірі болып Украинаның бұрынғы елшісі Мельник жауап қатты. Украиналық дипломат дипломатиялық емес сөйлемдермен Масктан «украиналықтардан аулақ жүруді» сұрады.
Одан кейін Зеленский Кеңсесінің басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк өз жауабын қалдырды.
«Ресей енді ешкімге қауіп төндірмеу үшін демилитаризацияға және міндетті денуклиаризацияға ұшырап жатыр. Әскери қылмыскерлер халықаралық трибуналдың алдына шығуда. Дауыс береміз бе?»
деп жазды Михаил Подоляк Илон Маскқа жауап ретінде.
Біраз уақыттан соң кәсіпкер аккаунтына боттар шабуылдап жатқанын хабарлады, өз ұсыныстары бойынша сауалнама жариялап, украиналықтарды жаңа мәлімдемелермен одан әрі таңғалдыруды жалғастырды:
«Ресейдің халқы Украинадан үш есе көп, сондықтан Украинаның соғыстағы жеңісі екіталай. Украина халқын ойласаңыз — бейбітшілік жолын іздеңіз»,
деп жазды Маск тағы бір твитінде.
Ресейлік жұртшылық Масктың Twitter-ін тікелей эфирге шығаруды ұсынды, украиналық БАҚ кәсіпкердің аккаунты бұзылған немесе ол есінен адасты деп хабарлады.
Сізге қай Илон Маск көбірек ұнайды? Украинаны қолдайтын ба, әлде Ресейді қолдайтын ба?
деп пікірталасқа Украина президенті Владимир Зеленский де араласып, өз аккаунтында сауалнама ұсынды.
Зеленский Кеңсесінің басшысының кеңесшісі Алексей Арестович «Жедел әрекет етеміз» деп Facebook парақшасына Илон Масктың кісендеулі суретін салды.
Ал «Роскомостың» бұрынғы басшысы Дмитрий Рогозин талқылауды тіпті басқа арнаға бұрып әкетті. Оның пікірінше, Масктың Украина бойынша даулы мәлімдемелері экипажында ресейлік Анна Кикина бар ХҒС-қа CrewDragon кемесінің ұшуына дайындықпен сәйкес келеді.
«Орыс әйелі америкалықтармен не істегенін қарашы» деп «Роскосмостың» бұрынғы басшысы өзінің телеграм арнасында дүйсенбідегі шайқасты өзінше тәпсірледі.