Ұлттық әдеби сыйлық жеңімпаздарын анықтауда шу шықты. Жұрт Абаевтан түсінік талап етуде

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қаржыландыруымен биыл тұңғыш рет өткізіліп отырған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы жеңімпаздарын анықтауда шу шықты. Әдеби орта байқау нәтижелеріне көңілдері толмайтынын айтып, әлеуметтік желілерде өз пікірлерін білдіріп жатыр.

Жеңімпаздар

Күні кеше әдеби сыйлықтың жеңімпаздары белгілі болған еді. Олар:

«ҮЗДІК ПОЭЗИЯ» номинациясы бойынша «Жұмбақ арал» поэмасы – Батырхан Сарсенхан;

«ҮЗДІК ПРОЗА» номинациясы бойынша «Тырнақ» әңгімесі – Айгүл Кемелбаева;

«ҮЗДІК ДРАМАТУРГИЯ» номинациясы бойынша «Мың мен жалғыз…» пьесасы – Талғат Теменов;

«ҮЗДІК АУДАРМА» номинациясы бойынша Стефан Цвейгтің «Амок», «Бақилық ағаның көз жасы» новеллалары – Кенжебай Ахметов;

«ҮЗДІК БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ» номинациясы бойынша «Іздер құпиясы» детективтік романы – Бекен Ыбырайым;

«ҮЗДІК КОМИКС» номинациясы бойынша «Жетпіс палуан» комиксі – Жантас Набиоллаұлы;

«ҮЗДІК КІТАП ДИЗАЙНЫ» номинациясы бойынша «Кенесары хан уа сұлтан Сыдық» – «AmalBooks» баспасы

Қазылар кімдер?

Журналист-аудармашы Баян Хасанова өзінің Facebook парақшасында Ұлттық әдеби сыйлық сайыс талаптарына сай емес үлестірілгенін жазған. Әсіресе «кәсіби және әдеби аударма» номинациясы бойынша берілген сыйлық байқау ережелеріне қайшы дейді ол.

«Біріншіден, «Үздік аударма» номинациясы бойынша мынадай талап болды: «Аударма еңбектің авторы авторлық құқық иесімен (автормен, автордың заңды мұрагерімен, авторлық құқық иеленуші баспа мекемесімен) келісім-шарттың болуы МІНДЕТТІ» делінген. Бұл шартқа сай жалпы халық игілігіндегі (public domain) шығармалар байқауға жіберілмеуі қажет еді. Оны қабылдайтын болса, неге сайыс талаптарында анықтап тұрып көрсетпеген? Неге ұйымдастырушылар жоғарыдағыдай ереже жазып алып, өздері орындамай отыр?»,

деп ашынды аудармашы.

Айтуынша, осы талапты орындау үшін аудармашылар құқық иеленушінің алдында кіріптар болып, құқық сатып алуға қомақты қаражат жұмсаған.

Сондай-ақ Хасанова «Үздік аударма» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған шығарманы автор түпнұсқа тілден аударғанын дәлелдеуі тиіс деп есептейді. Орыс тілі арқылы аударылған шығарма аударма ретінде қарастырылғаны — қазылардың немесе ұйымдастырушылардың біліксіздігі, дейді ол.

Баян Хасанова Мәдениет министрлігіне сауал жолдап, қазылар кімдер екенін және үздіктерді анықтау барысында қандай саясатты ұстанғанын түсіндіруді талап етті.

Жаңа, бірақ ескі

Ал суретші Досхан Жылқыбай «Үздік комикс» номинациясы бойынша жеңімпазға қатысты сұрағы барын жазды. Өйткені, үздік атанған «Жетпіс палуан» комиксі бұрын жарияланып қойған туындылардың бірі. Осы жылдың тамыз айында жарық көріп, тіпті сатылымға шығып кеткен комикс.

Суретшінің айтуынша, байқаудың шартында «бұрын-соңды жарияланбаған» деген шарт болғанын жазады. Одан бөлек, шорт-листке еніп, Азат Шәуеевтің атынан ұсынылған «Қабанбай батыр» және «Бөгенбай батыр» комикстері 2018 жылы басталған «Ұлы дала аңыздары» атты комикстер сериясымен президент қорының қолдауымен жазылған, дейді ол.

Үздік «Балалар әдебиеті» де күмәнді

Журналист Қанат Әбілқайыр да министр Дәурен Абаевқа датын жеткізді. Ол «Айбоз» сыйлығының «Үздік балалар әдебиеті» номинациясынан бас жүлде алған Бекен Ыбырайымның «Іздер құпиясы» шығармасын жариялауды сұрады. Айтуынша, бұрындары аталған қаламгердің «Жұмбақ із» деген шығармасын оқыған.

«Іздер құпиясы» мен сол бір көне «Жұмбақ іздің» арасында байланыс бар ма екен, бір қарап көрелік. Еш жерде жарияланбаған шығарма жазылған болса, ләм демеймін (министрліктің бас талабы сол ғой). Ал, министрлік менің бала кезімде жазылып, тек аты өзгерген туындыға бәйге беріп жатса, ол сайыстың шешімін өзгертуді талап етемін»,

деп жазды ол.

Бәрін түсіндіреміз

Көп ұзамай, әдеби сыйлықты ұйымдастырған Ұлттық мемлекеттік «Кітап палатасы» әдебиетшілердің сауалдарына жауап берді.

«Әдеби сыйлықтың ұйымдастырушысы ретінде осы мәселелерді қазылар алқасымен кеңесе отырып, соның нәтижесінде түсініктеме бергіміз келеді», — деп бастады сөзін ұйымдастырушылар.

«Алдымен «Үздік аударма» номинациясы айналасындағы сұрақтарға байланысты. Рас, байқаудың ережесі бойынша аудармашының авторлық құқық иесімен келісімшарты болуы керек. Бірақ бұл байқауға Стефан Цвейг шығармалары сияқты қоғамдық игілікке айналған (автор қайтыс болғаннан 70 жылдан кейін шығармалар қоғам игілігіне өтеді) туындылардың аудармасы қабылданбайды дегенді білдірмейді. Яғни, қоғамдық игілікке өткен шығарманың аудармасы байқауға қатысуына ешқандай қайшылық тудырмайды.

Сондай-ақ, конкурстың ережесінде туындының түпнұсқадан аударылуы қажет деген де шарт болған жоқ. Номинацияның атауы «Үздік әдеби аударма» болғандықтан, шығарма қай тілден аударылса да, қазақ әдебиетіне көркемдік құндылығы жоғары еңбек қосылса – басты олжа да, түпкі нәтиже де сол деп санаймыз. Мысалы, кезінде Абайдың өзі «Қараңғы түнде тау қалғып…» өлеңін Гетеден емес, Лермонтовтан аударған. Абайдан басталған қазақ аудармасы тарихындағы осы классикалық үлгі ұлт руханиятын молайтпаса, кемітпейтінін ескерген орынды.

Оның үстіне, аудармашының мәлімдеуінше, шығарманы аудару барысында түпнұсқамен де, басқа тілдегі аудармалармен де қатар қойып, салыстыру арқылы жұмыс жасалған. Жұртшылықтың пікірін ескере отырып, қайта талқыға салған Қазылар алқасы да осы мәселені басты назарда ұстап, жеңімпаздың еңбегі байқау талаптарына сай келеді әрі жеңімпаз деп тануға болады деген тоқтамға келді.

Енді «Үздік комикс» номинациясына келер болсақ, өтінімді қабылдағанда байқауға түскен жұмыстар біздің мекеменің, яғни, «Кітап палатасы» қоры арқылы тексерілді. Республика бойынша жарық көрген кітаптардың барлығы міндетті түрде Кітап палатасына тіркелуге тиіс. Аталмыш еңбек ол тізімде болмады.

Алайда, автор тамыз айында аз таралыммен болса да жарыққа шығарған комикс жинағын 15 қыркүйек күні «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының талаптарын ескерместен конкурсқа қатысуға өтінім берген екен. Көпшіліктің пікіріне сәйкес, аталмыш сұрақты қайта сарапқа салған қазылар алқасы үздік деп танылған шығарманы, байқау талаптарына сәйкес еместігін ескере отырып, жүлдеге лайық емес деп таныды.

Байқауға түскен басқа еңбектер жүлдегерді айқындайтын шығармалардың шекті межесіндегі дауысқа ие бола алмауына байланысты, әділ қазылар алқасы биылғы «Айбоздың» «Үздік комикс» сыйлығы ешбір еңбекке берілмейді деген шешім қабылдағанын хабарлаймыз», — деп жазды Кітап палатасы.

Алайда әдебиетшілерді бұл жауаптар қанағаттандырмады, керісінше тағы да қосымша сұрақтар туындауына себеп болды.

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

Қазақстанда футболдан EURO-2024 ойындары көрсетіледі

14 маусымда Германияның Мюнхен қаласында футболдан XVII Еуропа чемпионаты басталады. «Қазақстан» телеарадиокорпорациясы Еуро-2024 матчтарын тікелей…

20 часов ago

Қазақстанда жаңа саяси партия тіркеледі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова "Ынтымақ" саяси партиясы қашан мемлекеттік тіркеуден…

20 часов ago

Астанада мас күйінде көлік басқарған 45 жүргізуші сотталды

Қазақстан Республикасының заңнамасында көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.…

20 часов ago

Еңбек министрінің атынан жазылған хабарламалар — фейк

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың атынан әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ашылған…

20 часов ago

Мұрат Әбділда сотқа жазасын ауыстыру жөнінде өтініш жасады

Осыдан 2 жыл бұрын әлеуметтік алауыздыққа бағытталған әрекет жасағаны үшін сотталған блогер Мұрат Әбділда сотқа…

22 часа ago

«Мүгедек боп оралды»: Шымкентте әке баласын әскерилер бопсалағанын айтты

Шымкентте әскерилер жас жігітті комиссариатқа күштеп апарып, пара беруге бопсалаған. Мерзімді әскерге шақырылушы ақша таппай,…

2 дня ago