2023 жылғы 1 қазандағы ресми дерек бойынша, елімізде 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны шамамен 7 млн адамды құрайды. Бұл Ұлттық қордың инвестициялық табысынан 7 млн адам ақша алады деген сөз.
Білім алуға немесе үй алуға
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Ұлттық қор қаражатын білім алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған нақты екі мақсатта пайдалану ұсынылғанын мәлімдеді.
Білім алу бағыты бойынша – қаражатты жоғарғы оқу орындарының ақысын төлеуге немесе мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға мүмкіндік беріледі. Шетелдік оқу орнында оқу ақысын төлеуге қаражатты пайдалану шектелмейді,
деді Дәурен Темірбеков.
Вице-министр тұрғын үй жағдайын жақсарту бағыты бойынша қаражатты тек Қазақстан Республикасы аумағында ғана пайдалануға рұқсат етілетінін жариялады.
Бұл қаражатты бастапқы жарна, ипотекалық қарыздар бойынша төлем ретінде аударуға мүмкіндік беріледі,
деді ол.
Дәурен Темірбеков Қазақстан Республикасының азаматтары 18 жасқа толғанға дейін «Ұлттық қор – балаларға» жобасына – «Қатысушы» болып есептелетінін, кәмелетке толғаннан кейін – «Алушы» санатына көшетінін нақтылады.
18 жасқа толған кезде жинақталған қаражат баланың айрықша меншігі болады. Уәкілетті операторларға өтініш бергеннен және шот ашқаннан кейін жинақталған қаражат көрсетілген шотқа аударылады. Сондай-ақ алушылар ретінде заңды өкілдер мен мұрагерлер де бола алады,
деді вице-министр.
Дәурен Темірбеков бала 18 жасқа толғаннан кейін оған шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталатын құқық беріледі.
Шоттағы қаражат 10 жыл ішінде талап етілмеген жағдайда, сол адамның зейнетақы шотына аудару мүмкіндігі бар,
деді Қаржы вице-министрі.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы азаматтығын жоғалтқан кезде төлемдерге талап қою құқығы жойылады. Шоттардағы қаражаттың мақсатты пайдаланылуын сақтау үшін жобаның операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы айқындалды.
Ақша қашан түседі?
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтың жауабына сәйкес, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясындағы алғашқы ақша балалардың шотына 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап түсе бастайды.
Дәурен Темірбеков бағдарлама 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталатынын, ақшаны есептеу мен бір балаға шаққандағы соманы анықтауға бір ай қажет екенін айтты.
Бұл қарапайым арифметика. 18 жылдағы инвестициялық табыстың 50%-ы 18 жасқа дейінгі қазақстандықтардың санына бөлінеді. Осылайша әрқайсы өзіне тиесілі соманы алады,
деді ол.
Қаржы вице-министрі 18 жасқа 1 ақпаннан кейін толатын азаматтар ақшаларын алу үшін электронды платформа арқылы өтініш білдіруге тиіс екенін мәлімдеді.
18 жасқа толмай дүниеден озған баланың жинағын кім алады?
Бұл сұраққа Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жауап берген болатын.
Қуантыров тұжырымдама әзірленген кезде дүниеден озған баланың жинағын Ұлттық қорға қайтару туралы норма болғанын, кейін ол алынып тасталғанын мәлімдеді.
Біз Ұлттық қордың табысынан аударылған ақша ата-анасында қалады немесе өзге балаларының арасында бөлінеді деп шештік,
деді Ұлттық экономика министрі.
Айта кетейік, 2022 жылдың 1 қыркүйегінде мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалардың шотына аударуды ұсынған.
Биыл 29 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордағы қаражаттың бір бөлігін қазақстандық балалардың есебіне төлеу жөніндегі жарлыққа қол қойды.