Қазақстандықтар соңғы үш жылда құмар ойындарға 1 трлн теңге салып жіберген.
Бұл – қаржылық сауатсыздық па, әлде «тез баю синдромына» тән «індет» пе?
Азартқа беріліп, құмар ойындардан басын ала алмай жүргендердің қатары көбеймесе, азаяр түрі жоқ. Лудоманияның кесірінен елде суицидтік оқиғалар да жиілепті. Былтыр ел ішінде 157 мың қылмыс тіркелсе, соның 30 мыңнан астамы – құмар ойындармен тікелей байланысты екен. Бұл – Бас прокуратураның дерегі.
Қаржыгер әрі әлеуметтік желі қолданушысы Сәбит Рысбаев өзінің бір-екі танысы да букмекерлерге ұтылып, өздеріне қол салғанын жазады.
Студенттер ғой. Оқуының ақшасын салып жіберген. Ондай студенттер көп болды. Қаншама жанұяның ойраны шықты. Шынымен де құрту керек. Казиноны қалдыра салса да болады ау. Бәрібір оны ойнайтындар шетелге шықса да ойнай береді. Әрі казино ойнайтындар не жеңіл жолмен байығандар, не жемқорлар. Оларды не жалко. Адам айлығын алып онымен казиноға бармайды. Бірақ айлығын немесе стипендиясын букмекерге салып жібереді. Шама жетсе құрту керек. Пайдасынан зияны көп бәле.
Жұрт неге құмар ойындарға әуес? Ләззат алу үшін ойнай ма, табыс табуды көздей ме? Жалпы, бәс тігуді /ставка/, казино, лото ойындарын табыс көзіне айналдыруға бола ма?
«Қаржылық сауат» телеграм-арнасы осы сауалды ІТ-маман Аршат Оразға қойып көрді. Сарапшы букмекерде бәс тігудің басқа құмар ойындардан айырмашылығы бар дейді.
Бәс тігу мен казино, лото, кено сияқты құмар ойындары екеуі екі бөлек нәрсе. Құмар ойындарында жеңіске жету үшін арнайы білім, еп, сараптама қажет емес. Сәттілік керек. Ал бәс тігуде ше? Әлбетте сәттілік керек, бірақ көп жағдайда адамның білімі қажет. Өйткені бұл да форекс, биржа сияқты тәуекел ала алатын және сараптама жасалатын нәрсе. Ал қаржылық консультант немесе инвестиция кеңесшілерін букмекер саласында каппер деп атайды. Олар ұзақ сараптамалардан кейін басқаларға қай опциялардың ықтималдығы жоғары екендігі туралы ақпарат береді.
Жалғыз адам емес, кәдімгідей агенттік болып жұмыс істейтіндер бар. Тіпті құнды қағаз нарығында жүрген фондтар да спорттық оқиғаларға бәс тігу үшін арнайы бөлім ұстайды екен. Осылай көтерілгендердің ең танымалы Тони Блум шығар? Бастапқыда бәс тігумен бастап, кейін букмекерлерде жұмыс істеп, одан кейін өзінің консультация агенттігін ашады. Осы бизнестің арқасында кейін өзінің сүйікті клубы Брайтонды сатып алады, Премьер Лигаға шығарады.
Қазақстанда әзірше ондай агенттіктер жоқ. Бірақ жекелей әлеуметтік желіде болжам сатып жүргендер көп. Көбіне алаяқтар болып шығады. Ондайларға сене бермеңіз.
Бәс тігу – интеллектуал жұмыс. Ұзақ мерзімде айналыссаң, табыс әкелетін нәрсе. Бар ақшасынан айрылып немесе үнемі қарыз сұрап жүретіндерді, отбасынан ажырасқандар туралы естіген боларсыз? Бұлар – таза лудомандар. Лудомания да наркомания сияқты, бәс тігуге тәуелділік. Мұндай адамдар әдетте аз сома қойып, тез және көп ұтқысы келетіндер. Бәс тігу мен казино ойындарын ажырата алмағандар деуге де болады. Бұл жерде сараптама жоқ, тек сәттілікке тәуелді.