Халықаралық математикалық одақ ең беделді математикалық марапат– Филдс сыйлығының лауреаттарын жариялады. «Филдс» 4 жылда бір рет 40 жасқа дейінгі ғалымдарға берілетін математика ғылымының ең жоғарғы сыйлығы. Оның тарихы 1936 жылдан басталады.
Биыл сыйлықты тарихта екінші рет әйел алды. Ол — 37 жастағы украиндық Марина Вязовская. Оның математика саласындағы ең танымал жұмыстары шарларды тығыз орау мәселесін шешумен байланысты. Естеріңізге сала кетейік, Филдс сыйлығын алған нәзік жандылардың алғашқысы — Мариам Мирзахани. Ол Иран тумасы.
Вязовская Киев университетін бітірген. Қазіргі уақытта Лозаннадағы федералды политехникалық мектепте жұмыс істейді. Ол Украинадан шыққан бірінші лауреат иесі. Бір қызығы, 5 жыл бұрын тағы бір маңызды марапатқа – Клэй математикалық институтының сыйлығына ие болған.
Вязовскаядан басқа, тағы 3 ғалым суырылып алға шықты. Париждегі жоғары ғылыми зерттеулер институтының 36 жастағы ғалымы Уго Дюминиль-Копен. Ол статистикалық физика саласындағы фазалық ауысу теориясын зерттеуші. Ал Оксфорд университетінің өкілі, 35 жастағы британдық профессор Джеймс Мейнард сандар теориясымен жұмыс істейді. Төртінші лауреат, Сеул университетінің түлегі, Принстон профессоры, алгебралық геометрия саласын зерттеуші Джун Ху. Ол «Рота гипотезасы» еңбектерімен ғана емес, сондай-ақ «математика-вундеркинд» ұғымына қарсы тұратын өткір мінезімен де танымал. Толық ғылымға ауыспай тұрып, ол 23 жасына дейін университетте басқа да салаларды жақсы меңгерген.