«Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры педагогтердің білімін бағалау сынағында болып жатқан ереже бұзушылықтардың видеосын жариялады, деп хабарлайды Руслан Емелбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұл бейнежазбалар бір экшн фильмнің бөліктері емес. Барлығы шынайы өмірде болып отыр.10 шілдеде елімізде Педагогтердің білімін бағалау басталды. Бірақ тестілеуге кейбір мұғалімдер біліміне емес, айласына сеніп келген сияқты.
Мысалы, бір өңірде бір күн ішінде 34 педагогтің бұзушылықтары бірден анықталып, олар 5 жылға дейін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды.
ҰБТ-дан кейін бізді ешкім және ешнәрсе таңғалдырмайды деп ойлағанбыз. Бірақ, өкінішке орай, қулық жасау бойынша кейбір мұғалімдер оқушылардан да асып түсті. Бұл фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданып, құзырлы органдарға беріледі.
Сөз соңында мұндай әрекеттердің шәкіртке білім мен тәрбие беріп, саналы да сапалы ұлт қалыптастыру жолында тер төгуі тиіс мұғалім деген ұлы мамандыққа кір келтіретінін баса айтады.
Құрметті педагогтер, мұғалім болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені, бүкіл ұлттың болашағы сіздердің қолдарыңызда. Ал бұндай әрекеттер «мұғалім» деген атауға кір келтіреді.