2019 жылы Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойған еді. Бұл заңның қабылдануына елдегі мұғалімдердің құқығы жиі бұзылып, беделіне нұқсан келуі, төмен жалақысы мен ауыр жұмысы себеп болды. Аталған заң ұстаздар қауымының қоғамдағы абырой-беделін арттырып, әлеуметтік тұрғыдан қорғалуына бағытталды.
Президенттің тапсырмасы: «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ең алдымен педагогтар мәртебесін арттыруымыз қажет. Яғни, бұл дегеніміз мұғалімдердің жүктемесін азайту, ар-намыс пен қадір-қасиетін қорғаудың кепілі мен материалдық ынталандыру»
Осы уақыт ішінде не жасалды?
- 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтардың жалақысы жыл сайын 25% — ға өсіп отыр. 2023 жылға дейін жалғасады.
- Қағаз толтырудан қолдары тимейтін мұғалімдердің жүктемесі қысқарды. Енді күн сайын тек сынып журналы мен сабақ жоспарын толтырады. Қағазбастылықтан арылып, цифрландыруға көшу деген осы шығар. Біз айтып отырған сынып журналы сол «күнделік», ол қаншалықты жүктемені азайтты екен?
- Бес күндік жұмыс режимі енгізілді. Үш аусыммен оқитын білім ошақтарына өзгерістердің қатысы жоқ. Енді оқушылармен бірге мұғалімдер де әжептеуір демалатын болады. Тіпті мектеп директорлары мен оқу меңгерушілері де 36 күн демалады.
- «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес педагогтар олардың тікелей міндеттемелеріне кірмейтін жұмыстарды жасамайды. Мұғалімдердің құқығы бұзылған жағдайда заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
- Мұғалімдер жыл сайын ақылы еңбек демалысына шығады. Ол 42 күннен 56 күнге дейін ұзартылды. Бұл кепілді еңбек демалысы балабақша тәрбиешілеріне де қатысты.
- Сондай-ақ мұғалімдерді материалдық және материалдық емес ынталандыру тетіктері іске қосылды. Жыл сайын республикалық бюджеттен үздік педагог атағын иеленушіге мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы тағайындалып отыр. Көптеген халықаралық байқаулардың, түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздарын дайындаған педагогтердің еңбегі де еленіп жатыр.