Қазақстан өз бюджетінің 40 пайызын мұнайдан түскен табыс арқылы жауып отыр.
Одан бөлек, мұнай рентасы Ұлттық қорға да аударылады. Бір сөзбен — мұнай біздің барымыз және егер қара алтын бітіп қалса, немесе ол ешкімге керек болмай қалса — біздің қалай өмір сүретініміз мүлде түсініксіз.
Үкімет жоспары бойынша 2025 жылы бюджет табысының 78,2 пайызы мұнайға қатысы жоқ салалардан түсуі тиіс. Бірақ — ол қандай салалар? Бұл жағы ашық айтылмайды.
Мысалы, келесі жылға арналған бюджет бойынша салық және басқа да көздерден 17,8 триллион теңге түсуі тиіс. Ал бюджеттің шығыстары 21 триллион теңгені құрайды. Арадағы 3,2 триллион теңге дефицит тағы да Ұлттық қор есебінен жабылмақ: 2,2 триллион теңге кепілдендірілген трансферт, ал 1 триллион теңге нысаналы трансферт.
Мұнайдан басқа бізге не ақша әкеледі?
Салық үлестеріне қарасақ, мұнайды алып тастағанда біз сервис пен сауданың арқасында күн көріп отырмыз. Алматы таза сервис пен сауда салықтарын, Астана ірі квазимемлекеттік компаниялар салықтарын, ал Атырау мұнай салығын беріп отыр.