Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Софы Сматаев кезінде сын мақаласы үшін Кәрім Мәсімовтың кәріне ілігіп, Бауыржан Байбектің қорлауын көргенін есіне алды:
Құдайға шүкір, екі ұл, бір қыз, төрт немерем бар. Бәрі университет тәмамдаған мамандық иелері. Қызым университеттен соң KIMEP-те ағылшынша оқып, сонда ағылшын тілінде сабақ та берген.
Кейін екі министрлікте қызмет істеп жүрген ұл, қызымды Кәрім Мәсімов бір-ақ күнде жұмыстан шығарып жіберген еді. Оған себеп – менің «Мәсімов Қытай мен Ресейдің жоғын жоқтап, қазақ мүддесін аяққа таптап отыр» деген мақаламның жарық көруі еді.
Үш балам да мемлекеттік қызметке маңайлатпаған соң, аулақтанып қалып, тиіп-қашты шаруамен күн көріп жүр.
Барселонадан оқу бітіріп келген немеремді қызметке алуын сұрап елбасыға хат та жазғам. Назарбаевтың «тапсыруымен» қала әкімі болған Бауыржан Байбек мырза немереме Ұлттық Сарайдың аула сыпырушысының (дворник) айлығы 35 мың орынбасарының «лауазымын» ұсынып, мазақтағандай төбемнен басып, төмен тұқыртқан.
Иә, бұл менің отбасымның өзгелерден озбаған да, қалмаған да күйі ғана.
Мені тіркеуге (Орталық клиникалық ауруханаға) ҚР-на еңбек сіңірген қайраткерлігі бүгін жарамайды. Тіркетуге керегі – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болуым. Немесе Қазақстанның Еңбек Ері атағын алуым ғана. Ал ол екеуінің маған бұйыра қоюы қиын-ау.
Жә, жүдей, жүнжи бермей, ес жиып, етек жинап, «Елім-айымның» төртінші томын түртпектей берейін,
деп жазады драматург.