15 сәуірде Қазақстанда Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні тойланады. Бұл елімізде Әулие Валентин күніне балама ретінде пайда болған мереке. Жалпы, ғашықтар күні әлемнің түкпір-түкпірінде өз салт-дәстүріне сай аталып өтеді.
Қазақстандық Ғашықтар күні 2011 жылдан бастап тойланып келеді. Махаббат мерекесінің негізінде ортағасырлық дастанның кейіпкерлері жатыр. Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу – махаббат хикасы қайғылы аяқталған кейіпкерлер.
Қос ғашық үйленуі керек еді, алайда Баян Сұлудың әкесі сұлу қызын Қодар батырға күштеп береді. Қодар қыздың жүрегі Қозы Көрпешке тиесілі екенін біліп, жігітті өлтіреді. Хикая соңында Баян Сұлу Қозы Көрпештің мазарына келіп, өзіне пышақ сұғып қаза табады.

Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу эпосы – халқымыздың інжу-маржаны, асыл қазынасы, жауһар мұрасы. Лиро-эпостық жыр XIII-XIV ғасырлардан бастап жырланып, XIX ғасырдың ортасы тұсында қағазға түсірілді.
Бұл мереке қазақстандықтар арасында жылдан-жылға таралып келе жатқанын айтып өту керек. Әулие Валентин күні танымалдығы жағынан әлі күнге дейін дес бермей тұрса да, 15 сәуірде түрлі шаралар ұйымдастырылып, кейбір жастар үйлену тойын дәл осы күнге лайықтап жасап жатқанын да атап өту керек.
Сан-Жорди мерекесі, Испания
23 сәуірде Испанияда, әсіресе, Каталонияда Сан-Жорди немесе Әулие Георгий күні атап өтіледі. Мереке махаббат, раушан гүлі мен кітап күні болып саналады. Ол IV ғасырда пайда болған аңызбен тікелей байланысты.
Аңызға сүйенсек, Монблан қалашығының жанында айдаһар өмір сүріпті. Оның аранын басу үшін адамдар оған қымбат әшекейлерін, жануарларды, тіпті, отбасы мүшелерін жеуге беретін болған. Жеребе тартқанда ол патшаның қызын көрсетеді. Сол кезде патша айдаһарды кім өлтірсе, соған қызымды берем деп жар салған.
Сол кезде батылы жетіп Әулие Георгий ортаға шыққан деседі. Қантөгіс шайқаста ол айдаһарды жеңген. Айдаһардың қаны төгілген жерде раушан гүлі өсіп, бақша пайда болған.
Осылайша патша қызын жаужүрек батырға берген.
Содан бері 23 сәуір әйелдерге раушан гүлі сыйланып келеді, жауабына ер адамдарға әйелдер кітап береді. Кітаптың қандай қатысы бар десеңіз, әңгіме тарихи сәйкестікте: 1616 жылдың 23 сәуірінде ұлы жазушы Мигель Сервантес қайтыс болған.
Бір сөзбен айтқанда Испанияда бұл күн романтиктер үшін нағыз жұмақ деуге болады: көшелер гүлге толып, кітап жәрмеңкелері ұйымдастырылады.

Махаббат фестивалі, Қытай
Аспан асты елінде жылына екі рет махаббат күні тойланады. Оның бірі 20 мамырда тойланады, «ғашықтардың виртуалды күні» деп аталады. Мерекенің шығу тарихы қарапайым, қытайша «Мен сені сүйемін» деген сөз осы күннің атауымен бірдей. Сондықтан да телефонмен болса да бір-біріне сезімін білдіру сәнге айналған.
Махаббат фестивалі болса, ескіден келе жатқан дәстүрлі мейрам. Аспандағы Тхачихе мен жердегі бақташы туралы аңыз негізінде пайда болған мереке жыл сайын тойланады. Олар бір-бірін сүйіп қалып, үйленген, алайда Құдайлар екеуін ажыратып, жер бетінің екі жағына жіберген. Ткачиха Вегада, бақташы Альтаирда тұрған.
Ай күнтізбесі бойынша жетінші айдың жетінші күнінде ғана (әдетте тамызда) Құс жолы бойында көпір ашылып, қос ғашық бір-біріне қосылады. Махаббат мерекесінің құрметіне Қытайда тамақтар дайындап, үйлерін гүлден жасалған гирляндамен көркемдейді, қыздар әдемі киініп, бақытты неке туралы дұға жасайды.
Махаббат мерекесі Қытайдан бөлек Кореяда, Вьетнамда, Жапонияда да тойланады.

Отбасы, махаббат пен адалдық күні, Ресей
2008 жылдан бастап Ресейде Әулие Валентин күніне балама ретінде махаббат, отбасы және адалдық күні тойлана бастады. Екінші сөзбен айтқанда православиелік шіркеуде Әулие Петр мен Феврония Муромских күні аталып өтеді. Мерекеленетін күні – 8 маусым.
Қолжазбаларға қарасақ, XIII ғасырда өмір сүрген князь Петр бір күні қатты ауырып, бүкіл денесін жара басады. Мықты деген емшілер бұл дерттің дауасын таба алмай, дал болады. Жағдайы қатты ауырлаған кезде Петр түс көрген, түсінде оның ауруын қарапайым арашының қызы, Рязаньның жанында тұратын Феврония ғана емдей алатынын көрген.
Князь сол жаққа барып, түсінде көрген қызды кездестіреді. Феврония дәрілік шөптердің сырын жақсы білетін емші болып шығады, ол князьды емдеуге көшеді, бірақ, оның қайтарымына өзін әйелдікке алуды өтінеді.
Ауру көп өтпей кері шегініп, Петр құлан-таза айығып, өзінің туған жеріне аттанады. Бірақ қызға берген уәдесінен тайқып сала береді. Сол кезде жолда кетіп бара жатқан жерінен денесін қайта жара басады. Князь Февронияның алдына қайта келіп, ауруынан қайтадан айығады, осылайша, екеуі қосылады.
Содан бері қос ғашық махаббат пен адалдықтың үлгісі ретінде ұзақ та бақытты ғұмыр кешіпті. Қартайған кездерінде монастырлықты қабылдап, өлген кездерінде бір табытқа жерлеуді сұрайды. Петр мен Феврония 1228 жылдың 8 шілдесінде бір күнде қайтыс болады. Алайда екеуін бірге жерлеуден адамдар бас тартады. Келесі күні таңғажайып оқиға болады: екі мәйіт бір жерде жатқанын көреді. Содан соң екеуі бір табытқа жерленеді.
Махаббат, отбасы, адалдық күнінде бәйшешек гүлін сыйлау дәстүрге айналды. Сондай-ақ діни ұстанымы берік адамдар Муром қаласындағы Әулие-Троицкий әйелдер монастырына барады.

Махаббат күні, Грузия
Грузияда да махаббат мерекесі бар. Оларда ғашықтар күні 15 сәуірде тойланады. Шығу тарихы мынадай: 1990-жылдары бұл мерекені енгізуді шоумен Бесик Чубинидзе ұсынған. Билікке бұл ұсыныс ұнап, содан бері мереке күнтізбеде ресми негізде белгіленеді.
Ал рухани махаббат күні 16 шілдеде тойланады. Оның діни негізі бар. Грузия православиелік шіркеуінің басшысы Екінші Илия ұмыт қалып бара жатқан ескі мерекені қайта тірілткен. Мерекенің құрметіне діни ұстанымы берік жандар көбірек құлшылық жасап, игі істер атқарады.

Әулие Саркис күні, Армения
2007 жылдан бастап Арменияда Әулие Саркис күні ресми түрде аталып өтеді. Мейрам 4 ақпанда тойланады.
Аңызға сүйенсек, ертеде Ашуг Гариб деген кедей мен байдың қызы Шах-Санаме өмір сүріпті. Олар бір-бірін сүйіп, жігіттің кедейлігі салдарынан үйлене алмапты. Ашуг қызға «бай боламын» деп уәде береді, ал қыз оны 7 жыл күтуге дайын екенін айтады.
Осы жылдар ішінде Ашуг расымен де бай адамға айналады. Алайда ол қызына қайта баруға үлгермейтінін, оны басқа адамға күйеуге беретінін түсінеді. Сол кезде жігіт Әулие Саркистен көмек сұрайды. Ол ақ арғымаққа мініп, Шах-Санамеге жүйткіп жетіп барады, осылайша қос ғашық қосылады.
Әулие Саркис күнінің құрметіне шіркеулерде литургиялар өтеді. Сондай-ақ мынадай қызықты дәстүр бар: жігіттер мен қыздар мереке қарсаңында тұздалған нан жеп ұйықтайды. Алайда су ішпей жатады. Түсінде оған кім су ішкізсе, сол өмірлік жары болады деген сенім бар.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова, АПН