Батыс Қазақстанның билігі «Уральская неделя» деген газетті не жауып тынбаса, не ақшамен алдамаса, масқара жағдайды қорықпай жазып жіберіпті.
Былай дейді:
Батыс Қазақстан облысындағы Қазталов ауданы әкімінің Ғаділбек Әлібеков деген бір орынбасары түнде кафеден мас боп шығып, өз көлігіне мініп алып, түнгі қыдырысын тағы жалғастырмақ болған.
Сол кезде әлгі шенеунігімізді мұндайды құр жібермейтін полицейлер ұстап алыпты.
Ғаділбек пысық болмаса, әкімнің орынбасары болар ма еді,
аудандық ауруханадағы Бәке деген танысына қоңырау шалып, Бәкесі бұған «бұл кісі сап-сау» деген медициналық куәландыру қағазын
жасап берген көрінеді.
Бұл оқиға 7 ақпанда түнде болған. Сол жерде түсірілген видеоға сенсек, Ғаділбек Әлібеков әрең сөйлеп тұр. Оның Бәке деген құтқарушысы – ауданның прокуроры Бауыржан Молғалиев деген сыбыс бар.
Одан бері талай уақыт өтіп кетті.
Әлібеков енді
сол түні кафеде болғаным рас, бірақ арақ ішкен жоқпын
деп ағынан жарылады.
Қазталов аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Бағдат Давлетов бұл жағдайға түсініктеме беруден бас тартады.
Ішкі істер бөлімі бастығының міндетін атқарушы Марлен Қарабаев та «міндетін дұрыс атқарып», «бәрі заңды, бәрі дұрыс, бәрі тыныш» деп, жылы жауып қоя салғанды жөн көріпті.
Солай.