«Маскүнем» Медведев, сұрақ қоймауды талап еткен әкім және беделді Гебрейесус-құда

Өткен аптада қазақ аудиториясы «Қазақстанды жасанды мемлекет» деген Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевке ашулы болды, бүкіл әлеммен бірге Нэнси Пелосидің сапарын бақылады және ДДСҰ басшысының Қазақстанға, құдаларына келгендегі той-салтанатты сынады.

Өткен аптада Ресей экс-президенті өзінің VK.com әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында Қазақстанға қатысты даулы жазба жариялады. Атап айтқанда, Медведев Қазақстан билігін орыстарға геноцид жасады деп айыптап, Кеңес одағын қайтадан қалпына келтіру керек деп мәлімдеді. Сондай-ақ, Қазақстан жасанды мемлекет, ал Қазақстан билігі республика ішінде әртүрлі этникалық топтарды көшіру арқылы орыстарға геноцид жасап жатыр деп мәлімдеді.

Бірнеше минуттан кейін Медведевтің жазбасы өшірілгенімен, оның көшірмесі Ресей және Қазақстандық пабликтерге тарап кетті. Әрине, жазба қазақ қоғамының ашуын туғызды. Көпшілік Ресей билігі осылайша қазақ қоғамын бір жағынан тексеріп, бір жағынан ескертіп отыр деген пікір айтты. Соғыс басталған жағдайда туған жерін қорғауға дайын жандар да табылды. Кейбірі Дмитрий Медведев шамадан көп ішімдік ішіп, не жазып, не қойғанын білмейді десті. Бірнеше күннен кейін Ресейдің экс-президенті РБК басылымына сұқбат беріп, VK.com парақшасы бұзылғанын айтты және дұшпандар Ресейді одақтастарымен ұрыстыру үшін бәрін жасап жатыр деді.

Нэнси Пелоси Тайваньға келетін болса Қытай билігі қатаң жауап береді деп ескертуіне қарамастан АҚШ Өкілдер палатасының спикерінің сапары бәрібір жүзеге асты. Осы сапарды әлем халқымен бірге қазақ халқы да бақылап, талқылады. «Ұшақты атып түсірер ме екен, әлде Қытай ядролық қару қолдана ма екен» деп көпшілік сияқты үрейленді. Алайда, көптеген қоқан-лоқы мен қорқытып-үркітулерге қарамастан сапар тыныш өтті. Мұны жұрт қытайлық басшының даналығы десті.

ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус өткен аптада бейресми сапармен Алматыға келді. Ол қазақ ақыны, қоғам қайраткері Жүрсін Ерман мен бұрынғы спортшы, кәсіпкер Дәулет Тұрлыхановтың құдасы екені көпке мәлім. Құдалары Гебрейесуске шапан жауып, тұлпар мінгізді. Гебрейесус өз кезегінде немересі үшін қазақ тілін үйреніп жүргенін жасырмады. Көпшілік Халықаралық деңгейдегі басшының бұл әрекетіне тәнті болды, құдасын құдайындай сыйлайтын қазақпен құдалас болған оған арман жоқ десті. Дегенмен, құда күтуге арналған той-жиында түсірілген видеода барша жұрт маскасыз отырғанын байқап, сынға да алды.

Сондай-ақ, демалыста әлеуметтік желілерде Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Григорьев ауылы әкімінің сұхбаты да көптің талқысына түсті. Видеода әкім 500 гектар жер жетпейтінін айтады. Журналист «Бұл қалай анықталды? 500 гектар жер жетпеді деп тұрсыз ғой» деп ауыл басшысына сұрақ қойғанда «Оның қалай анықталғанын мен қайдан білемін… Сұрақ қойма, мен жауап беремін, болды. Келістік пе? Бірінші рет сұхбат беріп тұрмын», — дейді әкім.

Әлеуметтік желі қолданушылары арасында пікір екіге бөлінді: кейбіреулер әкімнің «шынайылығы» мен эмоциясын әзілмен қабылдаса, енді біреулер округ басшысы сұхбат бергенде эмоцияға жол бермеуі керек деген ұстанымда.

Анара Бауыржанқызы

Recent Posts

«Халық қатысатын бюджет» жобасы Таразда орындалуда

2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…

4 месяца ago

«Fenomen Jas» — табысқа жеткен жастарды насихаттау жобасы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…

9 месяцев ago

Астанада «Fenomen Jas» жобасы аясында «Mümkındıkter Alañy» форумы өтті

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…

10 месяцев ago

Түркістанда ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирі өтеді

23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…

10 месяцев ago

Алматыда Чжэцзян провинциясы өндірушілерінің құрылыс көрмесі өтіп жатыр

Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…

1 год ago

Алматы қаласында 2600 ден астам сотталған азамат есепке алынған

Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…

1 год ago