McDonald’s Қазақстандағы жұмысын біржолата тоқтатуы мүмкін. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, McDonald’s Ресей нарығынан кеткеннен кейін Қазақстандағы франшизаға Ресейден ет сатып алуға тыйым салған. Ал Қазақстанға жергілікті немесе еуропалық тасымалдаушылар арқылы ет алып келу қымбатқа түседі. Салдарынан компания шығынға ұшырауы ықтимал.
Десе де Қазақстандағы McDonald’s мейрамхананың өкілдері әзірге ресми мәлімдеме жасамады.
Айта кетейік, 2022 жылғы қарашада елдегі McDonald’s мейрамханалары ет жеткізу мәселесіне байланысты жұмысын уақытша тоқтатқан еді. Жергілікті «Атамекен» арнасының хабарлауынша, желтоқсанның ортасында қазақстандық өндірушілер McDonald’s мейрамханасына өз өнімдерін жеткізуге даяр екенін мәлімдеген. Сол кезде арна Food Solutions KZ бас директоры Әсет Машановтың «мейрамхана жұмысын қалпына келтіруге күш салып жатқаны туралы» сөзін келтірген болатын.