Белгілі экономист және қоғам қайраткері Әсет Наурызбаев McDonald’s компаниясының Қазақстандағы жұмысын тоқтату туралы ресми мәлімдемесінен кейінгі бірқатар алматылықтың ой-пікірін бөлісті.
Ол қала әкімдігіне мейрамханалардың бірі орналасқан Төле би, 41 мекенжайындағы жер учаскесін сатып алуды, бұрын осы орында болған тарихи «Алатау» кинотеатрын қайта қалпына келтіруді ұсынды.
Тарихи өнер орны
«Алатау» кинотеатры 1960 жылы сол кездегі типтік жоба бойынша салынған. Онда 780 адамға арналған орын болған. Сол жылдары ғимарат «ең жоғары стандарттарға сай кинотеатрдің бірі» аталған.
Бұрын мұнда тек фильмдер көрсетіліп қоймай, әйгілі өнер қайраткелерімен кездесулер өтетін. «Алатау» сахнасында Николай Крючков, Леонид Филатов, Иннокентий Смоктуновский, Станислав Говорухин, Никита Михалков, Владимир Меньшов сияқты кеңестік кино жұлдыздары өнер көрсетті.
Сонымен қатар мұнда алматылықтардың сүйікті орнына айналған киноклубтар жұмыс істеді. Мәселен, 1980 жылдың өзінде ғана «Алатау» сахнасына 890 900 көрермен келген.
Алматы 1973 және 1986 жылдары екі рет Бүкілодақтық кинофестиваль өткізді. «Алатау» экрандарында халықаралық фестивальдердің ленталары да болды, олардың премьераларын Жерар Депардье, Жан-Пол Белмондо және әлемге әйгілі басқа да көптеген актер ұсынды.
2000 жылдардың басында кинотеатр қалпына келтіріліп, заманауи жабдықтармен жабдықталды. Бірақ 2013 жылы иелерінің қарыздануына байланысты жұмысы тоқтап, сатылымға шығарылды.
Екі жылдан кейін Алматының қала құрылысы кеңесі оның орнына Қазақстандағы алғашқы McDonald’s мейрамханасының құрылысын мақұлдады, оның франшизасын қазір қамауда отырған ықпалды кәсіпкер Қайрат Боранбаев сатып алды.
Оңтүстік астана жұртшылығының наразылығына қарамастан, шенеуніктер «қаланы мұражайға айналдыруға болмайды» деп мәлімдеп, 2015 жылы «Алатау» кинотеатрының ғимаратын бұзды.
Сөйтіп көп ұзамай бұл жерде Роналд Макдоналдстің бургерлері сатыла бастады.
Екі кинотеатр — бір тағдыр
«Байқоңыр» кинотеатрының тағдыры «Алатаудікіне» ұқсас. Ол 1980 жылы салынған, ішіне 560 адам сыятын. Жақын маңда төрт мектеп орналасқан Орбита-3 шағынауданындағы бұл кинотеатр негізінде балалар мен жасөпірімдерге арналған еді.
Ғимараттың сәулеті ерекше болды: арка саңылаулары мен мозаикалар кірістірілген. Алматылықтар арасында «Байқоңыр» да танымал еді. Тек 1981 жылда оған 700 000-нан астам адам көрермен боп барған.
2000 жылдардың басында «Байқоңыр» заманауи дыбыс және бейнелеу стандарттары бойынша қайта жаңартылып, жабдықталды. Алайда 2009 жылы кинотеатр жұмысын тоқтатты. Тағдыры дәл «Алатаудікіндей»: иелері қарызданды, салдарынан ғимаратты сатып жіберді.
2016 жылы қоғам белсенділері мен қала тұрғындарының наразылығына жауап ретінде әкімдік ғимараттың жеке тұлғаға тиесілі екенін түсіндіріп, оны бұзу туралы шешім қабылдады.
Сөйтіп бұл жерде тағы бір Mcdonald’s мейрамханасы ашылды.
Өнердің орнына бургер
Қоғам қайраткерлері, әлеуметтік желідегі белсенділер, жай ғана жағдайға бей-жай қарамайтын алматылықтар Қазақстанның оңтүстік астанасының мәдени мұрасы мен тарихи бірегейлігін жоғалтпауға қайта-қайта шақырады. Олар кинотеатрларды қайта қалпына келтіру қажет екенін әлі күнге дейін алға тартып отыр.
Алайда шенеуніктер бұл мәселеге қатысты үн қатпай отыр.
Ал кешегі McDonald’s-тің «қоштасу» мәлімдемесінен кейін олардың желісін жабу тек маңдайшсының өзгеруі екенін анық түсінуге болады. Ресми өкілдер жылдам қызмет көрсететін мейрамханалардың жұмысы жақында дәл сол орында басқа атаумен қайта басталатынына уәде берді.