Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті қаза тапқан қызметкер Арслан Құрманбековтің мұрагерлеріне оның алпыс айлық ақшалай қаражаты (5 жылғы) – шамамен 13 млн теңге мөлшерінде біржолғы өтемақы төленетінін мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, Арслан Құрманбеков Алматы қаласындағы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі өртті сөндіру кезінде қаза тапты. Қайғылы оқиға 8 мамырда болды. Тау баурайындағы өртті сөндіру кезінде ТЖД қызметкерінің үстіне ағаш құлап кеткен.
Сонымен қатар жерлеуге жұмсалған шығындарына 600 мың теңге көлемінде өтемақы төленетін болады.
Жерлеу бойынша барлық шығындарды Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырды. ТЖ министрлігі Президент Әкімшілігіне мемлекеттік наградаға қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші А.Ж.Құрманбековті марапаттау туралы ұсыныс енгізді,
деп жазды ведомстводан.
Сонымен қатар Алматы қаласы әкімдігінің атына әлеуметтік көмек тәртібінде А.Құрманбековтің анасына тұрғын үй бөлу мүмкіндігін қарастыру туралы өтініш жолданды.
ТЖД таратқан хабарламаға қарағанда, өзге де қосымша көмек көрсету мәселелері пысықталуда.
Арслан Құрманбеков 1994 жылы 23 тамызда Алматы облысында дүниеге келген. Азаматтық қорғау органдарында 2015 жылдың соңынан бері жұмыс істеп келді.