Аймақ әкімі Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарымен және перспективалары жайлы баяндады, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Даму құжаты негізгі 5 бағыттан тұрады. Екі кезеңге бөлінген стратегия 2025- 2030 жылдар арасында жүзеге асырылмақ. Алматы облысында таяу уақытта инвестицияның өсімін 455 млрд-тан 686,5 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланған. 132 жобадан тұратын инвестпортфель 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жобаның құны – 618 млрд теңге.
Облыс әкімінің айтуынша, Алматы агломерациясының аймақаралық жоспарына сәйкес, облыстағы объектілер инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ аймақтағы ең өзекті проблеманың бірі – үш ауысымды мектептер мәселесі қалай шешілетіндігі айтылды. 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» жобасымен 51 мектеп салу жоспарланған. Себебі облыста үш ауысымды мектептер көп. Сонымен қатар облыс жетекші жоғары оқу орындары мен колледждердің филиалдары, дарынды балаларға арналған мектеп лицей, «G 4 City» аумағында медициналық хабы мен ғылыми-білім беру аймағы бар «Gate District» ашылады, «Білімді ұлт» ұлттық жобасының аясында 11 колледждің материалдық-техникалық базасы нығайтылады.
Президентке ұсынылған мәліметтерге сәйкес, өңірде 38 медицина нысаны салынады. Оған қоса, облыс орталығында 500 орындық көпсалалы аурухана құрылысы жобаланған.
Облыс экономикасын дамытудың негізін қайта өңдеу секторы, агроөнеркәсіптік кешен, көлік, логистика және туризм құрамақ. Өңір басшысының айтуынша, қазірдің өзінде облыста 2626 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін құны 290 миллиард теңгелік 23 жоба іске асырылып жатыр. Агроөнеркәсіп кешені саласында 210 млрд теңгеге 78 жоба қолға алынған. Жоба аясында 3330 жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. АӨК жобалары облыстың барлық ауданында қолға алынған. Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, туризм саласында жетістіктер бар. Алматы облысында орналасқан ұлттық парктерге келетіндер саны көбейген.
Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу соңында облыс дамуының стратегиялық жоспарын тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асыруды тапсырды.