Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай |Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысып жатыр. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы қазіргі халықаралық жағдай шиеленіскен жағдайда «Шанхай рухын» ныңайту керек екенін айтты.
Бүгінде әлем санкциялық қысым әдістері, негізгі жаһандық мәселелерді шешуде кереғар тәсілдер алдыңғы қатарға шыққан халықаралық жағдайдың күрделі шиеленіскен қауіпті кезеңіне қадам басты. Өзара сенімнің жетіспеушілігі қазіргі заманның басты ерекшелігіне айналды. Осындай жағдайларда өзара сенімге, тең және ашық диалогқа негізделген бірегей «Шанхай рухын» нығайту аса маңызды,
деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ қызметі оның жарғылық құжаттарында көрсетілген негізгі қағидаттардың өзектілігін айқындағанын айтты. Олар: экстремизм, терроризм, сепаратизм секілді «үш зұлымдыққа» қарсы күрес, мемлекеттердің егемендігі мен территориялық тұтастығын қорғау, ішкі істерге араласпау.
Ұйымның негізгі міндеті аймақтық қауіпсіздікті нығайту болып қала береді. Аталған өзекті салада бірлесе қызмет етуді көздейтін бұрын қабылданған құжаттарды іске асыруды жалғастыру қажет. Сондықтан қорғаныс ведомстволары мен арнайы қызметтер арасында әскери-саяси ынтымақтастықты арттыруды ұсынамын,
деді мемлекет басшысы.
Осы ретте ШЫҰ-ның Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығымен арадағы қатынастарды нығайту маңызды роль атқара алады.
Мемлекет басшысы ШЫҰ қазір әлемдегі ең табысты халықаралық ұйым екенін айтты.
Мен жоғарыда айтқандай, біздің ұйымның идеялық және институционалдық негіздерінде кереғарлық пен блоктарға бөлінушілік жоқ. Бұл ШЫҰ-ның халықаралық беделі мен танымалдығының артуына ықпал етті. Соның арқасында ұйым ең табысты бірлестікке айналды. Сондықтан ШЫҰ үдерісіне қатысатын елдердің географиясы жылдан жылға кеңейіп келеді. Бұл – Ұйымның жоғары сұранысқа ие екенінің айқын дәлелі. Менің пікірімше, ШЫҰ қазір әлемдегі ең табысты халықаралық ұйым,
деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай шекарасында үшінші теміржол өткелінің құрылысын салу жоспары логистикалық байланыс үшін дұрыс шешім болғанын жеткізді.
ШЫҰ елдерінің тиімді экономикалық және көлік дәліздерін дамыту жөніндегі Ынтымақтастық тұжырымдамасының қабылдануы өзара логистикалық байланысты жақсартудағы маңызды жетістік болды. Әңгіме «Қытай – Еуропа» бағыты және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша теміржол тасымалы, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай шекарасында үшінші теміржол өткелінің құрылысын салу жоспары туралы болып отыр,
деді президент.