Максим Галкинге (Ресейде шетелдік агент ретінде танылған) Қазақстанда концерт өткізуіне рұқсат бермей жатыр. Ресейлік әртіс оған мемлекеттік деңгейде кедергі келтіріп жатқанын айтады.
Бұл туралы шоумен Instagram парақшасында видео арқылы хабарлады. Галкиннің айтуынша, Қазақстанда концерт өткізуіне қатысты түрлі қиындықтар туындап жатыр. Ресейлік әртіс концерттер өтуі тиіс Алматы мен Астана билігі түрлі кедергілерді ойлап табуға тырысуда дейді. Сонымен қатар, кулуарлық тыйымдар пайда болып, билеттер сатылымы тоқтап жатыр, дейді сықақшы. Дегенмен, концерттердің тоқтатылуының нақты себебін ол білмейтінін айтады.
Мен және ұйымдастырушылар бірнеше айдан бері осы концерттерді өткізу үшін күресіп келеміз. Бастапқыда бәрі жақсы болды, билеттер сатыла бастаған, бәрі ойдағыдай болды. Біраз уақыттан кейін ойдан себептер шығарыла бастады, кулуарлық тыйымдар, билеттер сатылымы біресе тоқтады, біресе жалғасты. Мен, бәлкім, Қазақстан билігі үшін қорқынышты адам шығармын, тіпті концерттерімнен де қорқып отыр. Ал қазір тіпті мемлекет деңгейінде менің концерттеріме тыйым салып жатыр,
дейді Максим Галкин.
Ресейлік әртіс қазақстандық көрермендер мен жазылушыларды өте қатты бағалайтындықтан, бұл жағдай оны қатты алаңдатып қойғанын жасырмады. Дегенмен, қанша кедергі болмасын, күндердің бірінде ол Қазақстанға келіп, міндетті түрде концерт беретініне уәде береді.
Соңғы бір жарым жылда мен көптеген қазақстандықтың қолдауына ие болдым. Адамдар жылы сөздерін аямады. Мен сіздерге өте ризамын, қазақстандық қымбатты достарым, көп рақмет. Менің көрермендерім, менің жазылушыларым, мен міндетті түрде Қазақстанға келемін, бірақ бұл жолы емес, өйткені билік концертті өткізбеу үшін бәрін жасауда. Бұл өте өкінішті, Қазақстан билігі қазіргі қалыптасқан әлемдік жағдайда өзін еркін сезінеді деп ойлаған едім. Жоқ, мен қандай да бір қауіп төндіретін болып тұрмын. Қазақстан, мен сіздерді жақсы көремін, жақын арада кездесеміз деп үміттенемін, рақмет,
дейді ресейлік әртіс видеода.
6-7 қазанға жоспарланған Максим Галкиннің Алматыдағы концерттері өтпей қалады деген қауіп осы жылдың маусым айында пайда болды. Сол кезде шоуменнің Қазақстандағы өкілі Алексей Пучков дабыл қаққан болатын. Әртістің командасы билеттерді сата бастағанда, олар заңсыз әрекет ететіндерін білді.
Айта кету керек, Ресейдің Украинамен соғысына қарсы шыққан Максим Галкин шетелдік агент қызметін атқаратын жеке тұлғалардың тізіліміне енгізілген. Қыркүйек айының басында Кремль Галкиннің қалған ресейліктермен «жолы бір емес» екенін айтты.
Галкин Ресейден тыс жерде өмір сүріп жатыр. Өткен жылдың ақпан айының соңында Ресей шапқыншылығы басталғаннан кейін ол Израильге кетіп қалды, ол өзінің концерттерінде соғысты қатты сынға алып жүр. Әртіс, атап айтқанда, Бучадағы жаппай адам өлтіру дерегіне пікір беріп, соғысқа ешқандай сылтау бола алмайтынын айтты. Ол АҚШ, Латвия және Польшада да өнер көрсетті.