Саяси-айқындаушы сипаттағы міндеттер мен функциялардың болмауына байланысты бірақатар шенеунік мемлекеттік саяси қызметшілер қатарынан алынып тасталады. Жарлық жобасы Ашық НҚА порталында талқылауға жарияланды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жарлық жобасын талқылауға шығарды.
Жарлық жобасында Президент архиві директорының орынбасарлары, Тұңғыш президент кітапханасы директорының орынбасарлары, Президент іс басқармасы ведомствосы басшылары мен олардың орынбасарлары лауазымдарын мемлекеттік саяси қызметшілер қатарынан алып тастау ұсынылады.
Бұл лауазымдарды алып тастау және саяси-айқындаушы сипаттағы міндеттері мен функцияларының болмауына байланысты оларды мемлекеттік әкімшілік лауазымдары санатына енгізу көзделген,
делінген жобада.
Түсініктемеде мемлекеттік саяси қызметшілердің санын олардың мемлекеттік саясатты қалыптастыруға нақты қатысуын ескере отырып қайта қарау орынды екені айтылған.
Жарлықты қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқтырмайды және мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етпейді,
делінген жарлық жобасында.