Аутист бала тәрбиелеп отырған Сандуғаш Шортанова Қостанайдағы аутист қыздың суға батып қаза болуы биліктегілерге сабақ болуы тиіс дейді. Ананың айтуынша, үкіметтен бөлінетін 104 мың теңгеге аутист баланың екі дәрісін ғана сатып алуға болады.
Мен де аутист ұлымды Құдайдың құтты күні жоғалтып аламын. Әзірге, маған Құдай қарасып келеді. Жолға жүгіріп кетеді, дүкенге қашып кетеді, қасыңда тұрып, бір сәтте жоқ болып кетеді. Үйге қамап ұстай беруге тағы болмайды. Аутистердің ең тиімді емі — әлеуметтендіру. Әлеуметтен бөле алмаймын. Далаға шыққанда (қанша жоғалтсам да), «Құдай ғұмыр берсін» деп шығам тек,
деп жазады Сандуған Шортанова.
Сандуғаш Шортанова баланы оңалтуға ай сайын қыруар қаржы жұмсайды. Кейде тіпті қарызға кіріп кететін кездері болады екен.
Мамыр айында Астанаға 24 күнге оңалтудан өттік. Ақшам болмай, колледждегі оқуымның ақысын төлей алмадым. Келіп, жұмыс істеп, ақысын төлеуге барсам, пенясы 30 мыңға өсіп кетіпті. Директорға кіріп жағдайымды айтсам, «неге оны маған айтасың, депутаттарға айтпаймысың,
деп шығарып салды дейді Шортанова.
Оның айтуынша, депутаттар халықтың мұңын жіті түсінбейді, екеуі екі бөлек әлемде өмір сүріп жатыр.
Мүгедектікке берілетін 104 мың теңге шынымды айтсам, екі дәрісін ғана өтейді. Коррекциялық мамандардың ақысын қайтеміз сонда?! Мемлекеттік балабақшаның өзі жарты күнге тегін алмайды. Себебі, мүгедектік үшін алатын 104 мың табыс болып есептеледі, табысың 60 000-нан аспауы керек,
деп шырылдайды ана.
Мемлекеттен тегін оңалту ұсынатын ПМПК орталығына кезегің 1 жылда бір келеді. Ал аутистерге 4 жасқа дейін мүгедектік берілмейді. Осының салдарынан үкіметтен ақша берілмейді, ал балаға 4-5 жасқа дейін қарқынды ем қажет.
Сандуғаш Шортанованың айтуынша, Маңғыстау облысы балалардағы психикалық және сөйлеу дамуының бөгелісі (ПСДБ) диагнозы бойынша соңғы 3 жылда бірінші орында тұр. Алайда, халық саны аз болғандықтан, айына Астанаға оңалтуға тек бір ғана бала квотамен бара алады. Сандуғаш квотаны халық санына қарап емес, науқас санына қарап бөлу керек деген пікірде. Бұған дейін БЦП диагнозы бойынша Қызылорда өңірі алда тұрғандықтан осы аймаққа үкімет квота санын көбейткен.
Сондай-ақ, Шортанова логопедиялық балабақшалардың санын арттыру керек деп есептейді. Қалыпты балабақшаның инклюзивті топтарында бала саны 15-тен аспауы керек, ал қазірде бір топта 25 бала бар.
Тәрбиешілердің ерекше баламен жұмыс тәжірибесі жоқ. Оны оқыту керек қосымша. Ол да жоқ. Ерекше баланы топқа алғаны үшін тәрбиешіге қосымша тек 7000 теңге ғана береді,
деп ашынады Шортанова.
Дегенмен, осылай шырылдағанның арқасында биыл Ш.Есенов университетінен «Дефектология» кафедрасын аштырғанын айтты. Дәл осылай бәлкім аутизмі бар балалардың басқа да мәселелері шешілер деп сенеді ана.