«Менің өмірім» бір ғана адамның емес, бір ғана уақыттың емес, бір ғана шаңырақтың емес, Қазақ деген ұлы көштің заманына сай дастаны. Бұл кітаптың өрісі әлдеқайда кең…
Мемлекет және қоғам қайраткері Елеусін Сағындықов жарық көрген тұңғыш президенттің еңбегіне пікір білдірді.
«Менің өмірім» атты Нұрсұлтан Әбішұлының туындысы бүкіл өмірін, азамат болып жетілу, тұлға болып танылу, Елбасы болып көш бастау, Қазақ ордалы ел болып етек жайған жылдарды кең қамтитын, қалың жұрттың көзіне ілікпеген бұралаң, қиындығы мен ащысы мол кезеңдер барынша ақ жарылып айтқан еңбек. Жай айтылмай, тіке, шыншыл жазылып, ана заманның да, қазіргі дәуірдің де астарлы ақиқаты кең қамтылған.
Әр кітап өз уақытының үнін жеткізді. Енді бүгінгі дүниенің – «Менің өмірімнің» олардан айырмашылығы неде деген сұрақ тууы мүмкін?
Оның жауабы сол. Елбасының бұл кітабы – мемлекеттің екі тізгін, бір шылбырын абыроймен аманаттап беріп, елдің ақыл айтар ақсақалы болып отырған шағында парасат биігінде отырып айтқан сөзі. Жан толқынысы, жүрек тебіренісі, көңіл көкпары, сана соқпағы, арман-аңсары, әппақ үміті, уайымы, бәрі де осы кітаптан орын алған. Парасатқа деген іңкәрлігін, ақиқатқа деген құштарлығын, әділетке деген сүйіспеншілігін сезінбеу мүмкін емес.
«Менің өмірім»,-дейді. Рас, бұл ешкімнің маңдайына жазбаған, тек қана Нұрсұлтан Әбішұлына тиесілі өмір мен тағдыр! Ешкім қайталай алмайтын жол! Арманшыл баланың, жігерлі жастың, жалынды қызметкердің, іскер басшының, қайталанбас қайраткердің, әлемдік деңгейдегі сындарлы саясаткердің, тарих бедерінде мыңдаған жылдары бойы жарқырап тұра беретін тарихи тұлғаның, ұлт перзентінің өмірі.
Уақыт дейтін құдыретті күш. Таразы да, куәгер де, сыншы да, төреші де… Нұрсұлтан Әбішұлы халқының сеніміне гәп түсірмей, елін бірлік пен берекеге ұйымдастырып, қандай да болмасын сын кезеңнен жұмылған жұдырықтай өткізе білді. Бұл тек халқы үшін туған Перзенттің мойнындағы зіл жүк… Тек тағдыр таңдаған Азаматтың абыройлы миссиясы…
Нұрсұлтан Әбішұлы тәуекелге бел буып — стратегиялық жоспарлау әдістері мен қоғамдық қатынастардың жаңа үрдістегі тың жаңалықтарына жолын ашып, жаңа формациядағы көшбасшылар легін қалыптастырып, ел ішіне өнеркәсіп жүйесіне заманның озық технологияларын енгізді. Оның бастамасымен бой түзеген ондаған қайырымдылық жобалары мен ошақтары қазақ жерінде адами потенциал базасын жаңартып, ертеңіміздің еңселі үміт шамын жақты.
Қыл үстінде тұрып, «Мың өліп, мың тірілген» халқымыз тарихтан жоғалып кетпей, есі мен етегін жиып, іргелі, ордалы мемлекет құрып, әлемге танылып, ертеңіне нық сеніммен қарайтын елге айналғанына мың да бір шүкіршілік етеміз…
Нұрекеңнің «Менің өміріме», ойымды түйіп айтарым, кешегі мен бүгініміздің тереңіне үңіліп, өмірдің ащысы мен тұщысын зерделеп, заман болмысының бет-пердесін ашық, анық, шыншыл көрсеткен әдебиет пен тарихта өз орны бар ерекше туынды.
Сайып келгенде, «Менің өмірім» кітабы – Тәуелсіздік пен Елдіктің дастаны…
Елеусін САҒЫНДЫҚОВ
Мемлекет және қоғам қайраткері