Оқу-ағарту министрлігі дене тәрбиесі сабағын бір класқа екі мұғалімнің беруі халықаралық тәжірибеде жоқ екенін хабарлады.
Жаңа оқу жылында 1-11-класс аралығындағы балалар аптасына 3 сағат дене шынықтыру сабағын өтеді. Былтыр да осылай болған. Демек дене шынықтыру сабақтарының саны бойынша ештеңе өзгермейді.
Жаңа оқу жылынан бастап Мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес бір кластың барлық оқушысы басқа пән сияқты дене шынықтыру сабағын бірге оқиды,
делінген хабарламада.
Министрлік бұл ретте мектеп бағдарламасында қыздар мен ұлдардың дене шынықтыру жаттығуларының жекелеген нормативтері бар екенін және олар сабақта міндетті түрде сақталуға тиіс екенін жазды. Мұғалім сыныпты гендерлік принцип бойынша топтарға бөле алады.
Мысалы, сабақта класс қыздар мен ұлдар топтарына бөлінеді. Ал мұғалім әр топқа жеке жаттығулар береді. Мұндай әдістемелік тәсілдерді сараланған әдісті қолдану қажет болғанда басқа пән мұғалімдері де пайдаланады,
делінген хабарламада.
2021 жылдан бастап балаларға мемлекеттік тапсырыс арқылы жеке ұйымдардағы үйірмелер мен спорт секцияларына қатысуға қосымша мүмкіндік берілген еді. Демек балалар дене шынықтыру сабақтарында кесте бойынша спорт секцияларында аптасына 3 рет дене шынықтырумен айналысады.
2021 жылдан бастап енгізілген тағы бір жаңалық – дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне 3 сағаттық спорт секциясын өткізгені үшін жалақысына қосымша 100% төлем төлене бастады. Бұл секцияларға да оқушылар қатысады. Министрлік мұның бәрі оқу жоспарының шамадан тыс жүктемесін болдырмай, балалар арасында бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасайтынын хабарлайды.
Халықаралық тәжірибеде (Жапония, АҚШ, Германия, Корея, Финляндия және т.б.) бір класқа сабақ өткізу үшін екі дене шынықтыру мұғалімін бөлу қарастырылмаған. Көптеген шет елде дене шынықтыру сабақтары аптасына кемінде үш рет өткізіледі, ең көп сағаттар бастауыш кластарда,
делінген постта.
Еліміздің білім беру ұйымдарындағы оқу жүктемесінің саны бір дене шынықтыру мұғаліміне орта есеппен 18 сағат, бір мөлшерлемеден сәл артық.
Министрлік дене шынықтыру мұғалімдері бір мөлшерлемемен жұмыс істеу үшін жеткілікті жүктемемен қамтамасыз етілгенін және мектеп директорларына жан-жақты қолдау көрсету тапсырылғанын хабарлады.
Еске салайық, жаңа оқу жылынан бастап дене тәрбиесі сабағында класстар екіге бөлінбейтін болды. Мұның салдарынан көптеген мұғалім жұмыссыз қалуы мүмкін.