Павлодар облысында полицей өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарып қалды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
8 қарашада сағат 11.16-да Ақтоғай ауданының учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Қуаныш Қабдрахманов үйлердің бірінің ауласында мойын тұсынан пышақ сұғып, өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды байқады. Оған жүгіріп жеткен полиция қызметкері бірден оның пышағын алып, жедел жәрдем шақырып, ауыл тұрғынына алғашқы медицина көмегін берген.
Сонымен бірге ол ер адамды әңгімеге тартып, тыныштандыруға тырысады.
58 жастағы ауыл тұрғыны ауруханаға жеткізіліп, оған қажет медицина көмегі берілді.
Қуаныш Қабдрахмановтың іс-әрекеті туралы полиция басшылығы ауыл тұрғынының туысы Рахимов Әлиханнан білді. Ол полиция басшылығына бейне өтініш жазып, онда туысының өмірін сақтап қалған полицейге шын жүректен алғыс білдірді.