Президент болуға үміткерлердің бірі Әміржан Қосанов биылғы сайлауға қатыспайтын болды. Бұл туралы Nege.kz порталы жазды.
Әміржан Қосановтың сөзін қысқартып ұсынамыз:
Осыдан біраз уақыт бұрын 2022 жылғы президенттік сайлауға түсуге дайын екенімді мәлімдеп едім. 2019 жылы сайлауға қатысқан мен осы жолы да тіркеуден оп-оңай өте алатынымды, демократиялық ұстанымымды паш етіп, кез келген қарсыласпен лайық бәсекеге түсе алатынымды жазғанмын.
Иә, өткен президент сайлауы қорытындысын мойындап, мен біраз сынға да ұшырағанмын. Бірақ, біреу келісер, біреу келіспес, билік сол жолы өліспей беріспейтін еді, оның арты сұмдық сойқанға ұласып, бас жарылып, қан төгілуі мүмкін еді.
Сондықтан өз басым сондай қиын, сол кезде екінің бірі түсінбеген шешім қабылдап, халқымды қанды қырғыннан құтқарып қалдым деп есептеймін.
Осы сайлауға қатысуыма не қатыспауыма қатысты бірқатар БАҚ, азаматтардың әлеуметтік желілердегі, мессенджерлердегі сұрақтарына жауап бере отырып, бүгін мен 2022 жылғы президент сайлауына қатыспайтыным туралы мәлімдеймін.
Оның екі себебі бар.
Бірінші себеп
1997 саяси оппозиция қатарына қосылғалы мен: «Елде президент не парламент сайлауы болса, өзін оппозиция деп санайтын барлық күш пен тұлға – өзара келіспеушіліктері мен реніш-өкпелерін ысырып қойып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ортақ кандидат не ортақ ұйым маңайына топтасуы қажет!», – деп келемін. Сол қағидатымнан еш айныған жоқпын.
Бұл жолы өздерін «Демократиялық коалиция» деп атаған бірқатар ұйым бойкот деп жатыр. Бұл шешімін мен дұрыс емес деп санаймын. Өйткені кез келген саяси ұйым сайлаулар кезінде қалыс қалмай, заңда берілген мүмкіншіліктерді пайдаланып, ауыл-аймақта өзінің үгіт-насихатын жүргізу керек деп есептеймін.
Сайлау — саяси күрестің шарықтау шыңы. Ол мүмкіндікті пайдаланбау – саяси соқырлық деп білемін.
Енді мен сайлауға түссем, ол коалиция тағы да мені «біздің шешімді мансұқ етіп, биліктің ойын жүзеге асырып жатыр» деп байбалам салып, сынның астында қалуым мүмкін. 2019 жылы да солай болып еді ғой.
Бір нәрсе айқын және оны өзін оппозиция деп санайтын барша күштер мен тұлғалар мойындауы керек: 2019 жылғы сайлауда халықтың Орталық сайлау комиссиясы ресми мойындған 16,2 процент дауысын негізге алып, саяси күресті одан сайын үдете түсуге болатын еді. Ол кезде парламентке өту көрсеткіші 7 процент еді. Күш біріктіргенде, демократиялық күштер бүгінде парламент төрінде отыратын. Және де 3 жылдың ішінде оппозиция өз қатарынан президенттік додаға құқықтық, саяси және электораттық тұрғыдан сақадай сай әзір болатын бір емес, бірнеше үміткерді дайындап қояр еді.
Өкінішке қарай, өзара ырду-дырдуға салынып, оппозиция тағы да өзінің тарихи мүмкіндігінен айрылып қалды.
Оппозициялық идеялардың орынды әрі өміршеңдігінің бір дәлелі сол: Тәуелсіздік алғалы демократиялық күштер талап етіп келе жатқан көптеген бастаманы бүгінде Тоқаевтың өзі айта бастады. Өз басым мұны оң және өз жалғасын табуы керек үрдіс деп бағалаймын.
Екінші себеп
3 жыл бұрын, сайлау қорытындыларын мойындау кезінде айтқанмын. Ол кезде көп адам мен айтқан қауіптерге сене қоймады. Бірақ 2022 жылғы Қанды қаңтар менің алаңдаушылығымды растап шықты.
Сол кезде мен елде дүрбелең бола қалса, ішкі және сыртқы қауіптер өршіп, мемлекеттігімізден айрылып қалуымыз мүмкін дегенді айтып едім. Осы жолы да сондай қауіп бар. Халықтың әбден шаршағаны рас. Күн көру қиындап барады. Тоқаев жақсы бастамалар көтергенімен, тапсырмалары орындалып жатқан жоқ. Сайлаудың өзі күлкілі сипат алып бара жатыр. Ел ызалы, әбден ашынған, таусылған. Осының бәрі бір күнде бұрқ ете қалуы мүмкін.
Сайлау нәтижесі жарияланар күні саяси тартыстың апогейіне айналып, ел ішіне іріткі салар әртүрлі ұрандар көтеріліп, толқулар болуы ықтимал. Оның үстіне, антитоқаевшыл күштер ел ішіндегі наразылықты өз мүддесінде пайдаланып, антиқазақтық, антимемлекеттік сипат алып, бір күннің ішінде шаңырағымызды төңкеріп тастауы мүмкін!
Жағдайдың бір ерекшелігі сол: оппозициялық позиция ұстанған кез келген кандидат ел қолдауына ие болары сөзсіз. Ал билік сайлау нәтижесін бұрмаласа, қарсылық одан бетер өршіп кетері анық.
Өкімет болса, билікті өз қолымен бере қоймас.
Сол кезде Қанды қаңтар қайталануы әбден мүмкін! Елімнің, халқымның амандығы – мен үшін басты мұрат! Сондықтан мен сондай қауіпті, елдің іргесін шайқалтар дүмпудің бір себебі болғым келмейді.
Айта кетейік, Әміржан Қосанов — саясаткер, қоғам қайраткері, екі тілде сөйлейтін журналист және баяндамашы. 2019 жылы «Ұлт тағдыры» біріккен ұлттық патриоттық қозғалысы атынан президент лауазымына ұсынылып, ең көп дауыс жинаған алғашқы үштікке керді. Әміржан Қосановқа 1 495 401 адам дауыс беріп, барлық дауыс берген азаматтардың 16,23%-іне ие болды. Бұл — Қасым-Жомарт Тоқаевтан кейінгі көрсеткіш.