Азаматтар банкрот деп танылатын заң жобасы бойынша кімдер өтініш бере алады?
Мойнында проблемалық борышы бар қазақстандықтардың 96 пайызы соттан тыс банкроттық санатына жатқызылуы мүмкін.
Осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 1,4 млн адамның жалпы сомасы 1 449 млрд теңгені құрайтын 90 күннен астам мерзімі өткен несиесі бар. Бес жылдан астам уақыт бойы қарыздарын төлемеген тұлғалардың саны 365 мың адамды құрайды, олардың банк алдындағы берешегі – 504 млрд теңге.
Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң Мәжіліс қарауына жіберілген. Құжаттың бастапқы тұжырымдамасы бойынша, үш тәсіл дайындалды.
Бірінші тәсіл – соттан тыс банкроттық рәсімі. Ол үшін азаматтың банктердің, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлардың алдындағы берешегі 12 айдан артық өтелмеген болуы керек. Бұл жерде борыштың мөлшері 4,9 млн теңгеден аспауы қажет, яғни 1600 айлық есептік көрсеткіштен артық болмауы керек.
Ескертетін жайт, бұл жағдайда борышкердің мүлкі болмауы керек және қарыздар бойынша банкпен есеп айырысу рәсімін жүргізу қажет. Соттан тыс банкроттық тек банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін.
Екінші тәсіл — 4,9 миллион теңгеден асатын қарызы бар және басқа да берешек түрлеріне қатысты азаматтарға қатысты мәселе қарастырылады. Олар да сот банкроттығына жүгіне алады.
Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі аукционда сатылуға жатады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды.
Қалған өтелмеген сома, егер борышкердің мүлікті немесе ол туралы мәліметтерді жасыру, жалған ақпарат беру және т.б белгілері болмаса, оның қарызын есептен шығаруға болады.
Алайда, басқа адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтірген немесе алимент бойынша қарызы бар тұлға есептен шығарылмайды.
Үшінші тәсіл – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады. Сауықтыру жоспары қаржы менеджерімен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.
Банкроттықтан кейін осы санаттағы жеке тұлғаларға 5 жылға несиелер мен кредиттер алуға шектеу қойылады; азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады; банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделеді.