Көптің көкейіндегі сауалға Медициналық әлеуметтік сақтандыру қорының басқарма төрағасының орынбасары Гүлжан Шайхыбекова Ұлттық арна эфирінде жауап берді.
МРТ және басқа да зерттеу сараптамалары, сондай-ақ күрделі оталар Кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде де, МӘМС аясында да тегін көрсетіледі.
Бірақ бүгінгі таңда ауруды алдын ала анықтау мақсатындағы қызмет түріне жататындықтан, МРТ жасау МӘМС аясында көбірек көрсетілуде. Сонымен қатар жоғары технологиялық медициналық көмектің де басым көлемі осы МӘМС жүйесі арқылы, ал онкология, нейрохирургия және қан тамырлары бойынша оталар Кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында көрсетіледі.
МӘМС жүйесі тақырыбының көпшілікті толғандыратыны анық. Бағдарлама жүргізушісі, журналист Армангүл Тоқтамұраттың айтуынша, эфир кезінде ватсапқа 1087, телеграмға 143, фейсбукке 57, инстаграммға 43 сұрақ жолданып, 5 бейнесұрақ келген және 58 телефон қоңырауы түскен. Жауап беріп үлгермеген сауалдардың жауаптары қордың сайтында жарияланатыны айтылды.