Мектеп асханалары мен жуынатын бөлмелерді бақылауға арналған «Балаға лайық» акциясының екінші кезеңі басталды.
«Балаға лайық» акциясының екінші кезеңі 20 қыркүйекте басталып, 2022 жылғы 20 желтоқсанға дейін созылады.
Кез келген адам мектеп асханалары мен әжетханаларын көркейтуге өз үлесін қоса алады. Ол үшін фото және видео түсіріп, мекеменің атауы мен мекенжайын көрсетсе болды. Жіберілген материалдар мектеп асханалары мен дәретханаларына қатысты шағымдарды, кемшіліктерді немесе үлгі ретінде көрсетуге болатын жағдайларды көрсете алады,
делінген Оқу-ағарту министрлігі таратқан хабарламада.
Министрлік «Балаға лайықтың» бірінші кезеңі акцияның жоғары белсенділігі мен тиімділігін көрсеткенін хабарлады. Алғашқы мониторинг нәтижесінде 1 000-нан астам хабарлама түсті. Жергілікті атқарушы органдарға жазғы демалыс кезінде барлық кемшілікті жою тапсырылды.
Акцияның екінші кезеңі аяқталған соң, келіп түскен ескертулер әкімдіктердің білім бөлімдеріне жіберіледі. Сонымен қатар үлгілі мектептер анықталып, ынталандырылады.
Кемшіліктермен жұмыс» жүргізілгеннен кейін Instagram-дағы @balaga.laiyq парақшасына мектеп дәретханалары мен асханаларының «дейінгі және кейінгі» форматындағы фотолары мен видеолары жарияланады. Мектептер заңды түрде әкімдіктерге бағынады және мектептерді салу мен ұстауды қаржыландыру олардың құзырында екенін еске сала кетейік. Осындай акцияны өткізу арқылы біз бірге балаларға қолайлы жағдай жасауға тырысамыз,
деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.
Фото/видео материалдарды WhatsApp пен Telegram-ға +7 (700) 699-04-46 нөміріне жіберу керек. Telegram ботындағы https://t.me/Balagakz_bot сілтемесі арқылы немесе Instagram әлеуметтік желісіне #БалағаЛайық#balagalaiyq хэштегтері арқылы жүктеп, @balaga.laiyq парақшасын белгілеу қажет.
Министрлік жіберілген фото-видео авторлары аноним болатынына кепілдік береді.