Наурыз айында өтетін ҰБТ басталды, ол 30 наурызға дейін жалғасады.
Қазір 110 мың адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді.
ҰБТ-ға тіркелу 10 наурызға дейін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz. сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі.
Наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.
Қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалды, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша.
Алайда, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұрады.
Бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды.
Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ.
Оның ішінде
- «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма,
- «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма,
- «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма
- және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма.
Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут).
Айта кетейік, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатын болады.
10 ақпанда қаңтар ҰБТ-сы аяқталды, ол тестілеуге 134 мыңға жуық адам қатысты. Оның ішінде талапкерлердің 76,4% – ы қазақ тілінде, 23,5% — ы орыс тілінде, 83 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
ҰБТ басталғалы шекті балды 77,5% — ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 69 балды құрады. Ең жоғары балл – 137. Жалпы, 72 талапкер 130-дан жоғары балл жинады.