Екі күннен бері қазақстандық қос шахматшы Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева арасындағы дау өршіп тұр. Барлығы Үндістанның Дели қаласында өтіп жатқан Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) әйелдер арасындағы Гран-приінің үшінші кезеңіне Жансая Әбдімәліктің қатыспай қалуынан басталған болатын.
«Күйеуге шығып, борщ пісір»
Нақтысын айтқанда, Жансая Әбдімәлікке турнирдің ұйымдастырылуы ұнамаған. Оны әуежайдан ешкім қарсы алмаған, әдеттегідей таңғы ас ұсынбаған. Шахматшы қызды мұндай олқылықтар қатты ашуландырса керек, жарысқа қатысудан біржолата бас тартқан. Осы себепті турнирдің басталуы бір күнге шегерілген.
Отандасының бұл қылығына Бибісара Асаубаева наразы болып, әлеуметтік желілердегі парақшасында әріптесі Жансая Әбдімәлікке қатысты сыни пікір айтты. Шахматшы қыз кез келген ұсақ-түйекке бұлқан-талқан болғанша «күйеуге шығып, борщ пісірген жөн» — деп жазған.
Шахмат – бұл, әрине жекелей спорт түрі. Бірақ жеке өзің болу мен пікірлес болу – әр басқа нәрсе. «Әркім өзі үшін» деген түсінікті кейбіреулер «бәріне түкіргенім бар» деп түсінеді. Қателігін түсініп, сыпайылықпен кешірім сұрау деген әрине болмайды. Бірақ айналасына өтірікті жаудырса, сыпайылық туралы әңгіме айту қиын. Сірә, шындықты бүркемелеу – бірінші кезекте шахматшы екенін ұмытқан Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты Жансая Әбдімәліктің кәсіби қасиеті. Алайда кез келген кәсіби спортшы үшін кешірілмейтін нәрселер бар. Ол тіпті кім болса да,
деп жазды Бибісара Асаубаева.
Асаубаеваның айтуынша Жансая мен тағы 11 шахматшы Делиде өтетін Гран приге қатысуы тиіс болған. Бірақ Жансая ұйымдастырушылар өзін дұрыс қарсы алмады деп аяқасты жарысқа қатысудан бас тартқан.
Мұны турнирдің ашылуына бір сағат қалғанда, әріптесіне телефон арқылы хабарлап, әуежайда екенін айтып, өзінің ұшқалы отырғанын жеткізген. Ал одан кейін жайбырақат отель аумағында серуендеп жүрді. Біз болсақ шұғыл түрде жиналыс жасап, не істеу керек екенін ойластырып жаттық,
деді.
Сонымен қатар ол Жансаяның турнирге ер адаммен ұшып келгенін, ал басқалар жалғыз болса да, отельге ешқандай қиналыссыз жеткенін және кей шахматшылар Гран-приге қатысу үшін өзге жарыстардан бас тартқанын айтқан.
Әрине, ұйымдастырушыларға қатысты сұрақ көп. Бірақ көп мәселе Жансаяға, оның спортшыға тән емес әрекетіне қатысты,
деп жазды Бибісара Асаубаева.
«Мен ғана емес»
Бұдан кейін Жансая Әбдімәлік өзі мен тағы 11 шахматшы неге турнирге қатысудан бас тартқанына қатысты жауап берді. Мұны да ол өзінің Instagram парақшасында жазған.
Мен және менің әріптестерім (оның ішінде Асаубаева да бар) ұйымдастырушылардың жасаған жағдайына көңіліміз толмады. Өзара кеңесіп, ФИДЕ аппараты басшылығы мен президентке ұжымдық хат жолдау туралы шешім қабылдадық. Болған жағдайды баяндап, жарысты өткізбеуді немесе басқа уақытқа ауыстыруды сұрадық. Барлық қатысушылар (Асаубаева да) оған қол қойды. Қатысушылардың сынынан кейін ұйымдастырушылар турнирдің басталуын белгісіз уақытқа шегеруге мәжбүр болды,
деп жазды Жансая.
Сондай-ақ ол ФИДЕ Президенті Аркадий Дворкович пен атқарушы директор Эмиль Сутовскийге мұндай жағдайда турнирге қатысудан бас тартатынын жеткізгенін баяндады. Шахматшы қыз постында ФИДЕ басшысына жолданған ұжымдық хат пен оның жауабын да қоса көрсеткен. Аркадий Дворковичтің жауабында Үндістандағы турнир ұйымдастырушыларының шынымен дайындығы төмен болғаны айтылған.
Мен өз елімнің атынан қашан да мақтанышпен және абыроймен ойнаймын. Үндістандағы Олимпиаданы әлі күнге дейін жылы еске аламын. Бірақ Делиде жасалған жағдай шынымен ақылға қонымсыз болды,
деді Жансая Әбдімәлік.
Бұдан кейін Бибісара екінші пост жазып, онда өзінің ұжымдық хатқа қол қоймағанын және ФИДЕ басшысына бұл жағдайды мәлімдегенін айтты. Бұған қоса ол ұйымдастырушылар тарапынан қателіктер болып тұратынын айтқан.
Қазір түнгі бір. Біз ертең ойнауымыз керек. Осы келеңсіз жағдайдан кейін екі спортшының жүйке жүйесі жұқарды. Жансая жайсыз әрекет жасамағанда мұның бірі болмас еді,
деп қорытындылады Асаубаева.
Сериалға сценарий
Қос спортшының дауы әлеуметтік желі қолданушылары арасында талқыға түсті. Бірі Бибісара Асаубаеваны қолдаса, бірі Жансая Әбдімәлікке жақтасты. Шахмат федерациясын кінәлағандар да табылды.
Блогер Ильяс Мыңжасаров бұл мәселеге Шахмат федерациясы неліктен араласпай отыр деп таңданды. Шахматшылар ФИДЕ президентіне ұжымдық хатты өздері жазғанына назар аударған.
Бұл оқиғада Қазақстан шахмат федерациясы мен оның басшылығы мүлдем жоқ сияқты. Неліктен біздің шахматшылар федерацияның басшылығын айналып өтіп, ФИДЕ президентіне тікелей ұжымдық хат жазды? Біздің спортшылар Отандық федерацияның басшылығын мойындамайды немесе біздің федерация Үндістандағы Гран-Приде не болып жатқанынан мүлдем хабарсыз,
деп жазды Мыңжасаров.
Бірінші және екінші жағдайда ол шахмат Федерациясында тәртіпсіздік пен анархия орын алған деген тұжырымға келді. Бұл тәртіпсіздікті түзетуге ешкім талпынбаған да деген әсер бар дейді, ол.
Біздің атақты спортшыларымыздың арасындағы бұл бәйге ашық есеп айырысуға айналып кетті. Сонымен қатар, бұл біздің ішкі мәселе емес, әлем бойынша спортшыларымызға да, федерацияға да, елімізге де абырой әкелмейтін жанжал.
Егер Туров мырза шахмат федерациясының президенті лауазымына өзінің өмірлік тәжірибесіне сәнді пункт алу үшін келген болса, онда ол қателескені анық. Мұнда сіз байыпты жұмыс істеуіңіз керек немесе бастамауыңыз керек,
деп жазды ол.
Ал блогер Марлен Бейсебаев «Королеваның жүрісі» телехикаясынан кейін Нетфликсе біздің шахматшылар туралы телехикая түсіруді ұсынды.
Екеуі де кейбір қолайсыз жағдайлар туралы айтып отыр. Бірақ, Гран-при ұйымдастыруында біздің патшайымдарға не ұнамады? Ұйымдастырушылар нақты нені орындауы керек және олар қайда жазылуы керек? Немесе бұл жай ғана қыңырлық па?
дейді блогер.
Артық кетсем кешір
Бүгін түнде Бибісара Асаубаева аздап қызбалыққа салынғанын мойындап, жазбасымен дауға нүкте қойғандай болды. Дегенмен, бұл жайт енді қайталанбаса деген үмітін жеткізді.
Кеше аздап қызбалыққа салынып кеткен шығармын. Сол үшін көптеген хейтке де тап болдым. Әрине, ақылға салып, салқынқандылық танытудың орнына эмоцияға берілген кезде оның өз әсері болады.
Ұйымдастыру, ұйқы, көз жас, жанжал, толассыз уәделер мен құр үміт беру болмаса екен. Жай ғана ойнап, рекорд орнатып, елімізді танытып, жақындарыңды қуантқың келеді. Осы жерге сол үшін келдік. Ондай мүмкіндігіміз болады деп үміттенемін. Қасиетті Рамазан айында жамандық ойламаған дұрыс. Ренжіткен адамдарым болса кешірім сұраймын. Ондай мақсатым болған жоқ,
деп жазды блиц-шахматтан екі дүркін әлем чемпионы.