Қоғам белсендісі Нұргүл Мукушева Атырауда «Ұлттық қыздар мектебі» дейтін сәләфилік бағыттағы жаңа мектеп ашылғанын хабарлады. Айтуынша, мектепке исламның сәләфилік бағытын ұстанатындардың 1-4 сынып аралығындағы бүлдіршін қыздары оқиды. Мукушеваның хатын «Адырна» порталы жариялады.
Белгілі болғандай, аталмыш діни мектепке Атырау өңірінің тұрғыны Жолмұханова Жұмазия басшылыққа тағайындалған. Ең сорақысы мектеп директоры Жолмұханова Жұмазияның туған інісі Жолмұханов Қанкерейдің қызы Жұлдыз бен күйеу баласы Мұратбеков Абзал 2015 жылы Сирияға қарулы соғысқа аттанып, 2019 жылы екеуі де қаза тапқан.
Ал «Ұлттық қыздар мектебі» деген қазақи терминді бетперде қылған сәләфилік оқу орнының құрылтайшылары Есбосын Асан Балғабайұлы мен түркіменстандық Розыев Мұрат Довлетович нағыз сәләфилік идеологияны кеңінен насихаттап жүргендер.
Есбосын Асан Балғабайұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 194-шы «Бопсалау» бабымен сотталып, адвокаттық лицензиясынан айырылған. Бәріміз білетіндей, сәләфилер Қазақстандағы мектептердің зайырлы форматта өтуіне түбегейлі қарсы.
Себебі олар мектептегі киім үлгісіне бағынбай, арабтардың дәстүрлі киімі хиджабпен сабаққа кіргізулерін қалайды. Ал бұл әрекет Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы және білім беру жүйесі зайырлы қағидаттар негізінде оқытылады,
дейді Нұргүл Мукушева.
Қоғам белсендісінің пікірінше, сәләфилердің негізгі мақсаты деструктивті діни идеологияны мектеп қабырғасында еркін жүргізуге мүмкіндік алу. Сондай-ақ, осындай жеке мектептерде сәләфилердің ұл-қыздарынан басқа, мешіт намазхандарының балаларына да жат экстремистік, яғни теріс идеологиямен ықпал ету, яғни қатарларын көбейту қаупі бар және бұндай діни орта әртүрлі жанжалдың тууына кеңінен жол ашады.
Осыған орай, жоғарыда келтірілген фактілерді алға тарта отырып, ҚР Оқу-ағарту министрі А.Айтмағамбетовтен Атырау қаласында орналасқан, атап айтқанда Әділет министрлігінде тіркелген ұлттық емес «Ұлттық қыздар мектебіне» лицензия берілмеуі мен тез арада жабылуына ықпал етуіңізді сұраймын,
деп үндеу жолдады қоғам белсендісі.