Биыл көпбалалы отбасынан шыққан 400 мыңнан астам баланы мектепке дайындау үшін мемлекет қолдау көрсетеді.
Бұған дейін бөлінетін қаражат мөлшері 17-40 мың теңге аралығында болатын. Таяуда бұл нормаға министрлік ұсынысы бойынша өзгерістер енгізілді. Енді ең төменгі көмек — 37 389 теңге болады
деп хабарлады Білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың ұсынысымен көмек көрсету тетігіне өзгерістер енгізілді. Енді ақша ата-аналардың шотына тікелей аударылады. Бұған дейін қажетті заттарды әкімдіктер сатып алатын. Сондықтан да тауардың көлеміне, сапасына байланысты мәселелер туындайтын.
Айта кету керек, биыл атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына материалдық көмек көрсетіледі.
Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында жетімдер үйінің тәрбиленушілері мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және төтенше жағдайға тап оқушыларға да материалдық көмек көрсетілетінін жеткізді.