Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгінов елорда әкімі болған кезінде құрылысқа қатысты айыптауларға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Премьер-министрдің орынбасары Елорда экономикасының негізгі драйвері — құрылыс, сонымен қатар шағын және орта бизнес саласы екенін айтты.
Мемлекеттік органдардың алдында ең әуелі инвестиция тарту міндеті тұр. Астаналықтарды тұрғын үймен қамту да маңызды. Тек 2021 жылдың өзінде Отбасы банкі арқылы кезекте тұрғандар мен салымшыларға 10 мың пәтер берілді. Оның 7 мыңы — кезекте тұрғандарға. Егер сіздерде құрылыс, тұрғын үй салу бойынша нақты фактілер болса, тыңдауға дайынбыз. Фактілер бұрмаланбай, нақты жоба бойынша келтірілгені жөн. Жалпы құрылысқа қатысты сұрақтар бойынша қала әкімдігіне хабарласыңыз. Мен өткен жылдан бері елорда әкімі емеспін,
деді Алтай Көлгінов Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.
Сонымен қатар Астананың экс-әкімі қала тұрғындарының сынына ашуланды. Ол әкім қызметіндегі жұмысын адал атқарғанын, ал айтылып жүрген әңгімелердің тапсырыспен орындалып жатқанын айтты.
Артық әңгіме керек емес. Ол үшін жауап бересіз. Бұл мемлекеттік қызметкерді көпшілік алдында айыптау болып саналады. Ондаймен айналысудың қажеті жоқ, ол үшін жауапкершілік қарастырылған. Мемлекеттік қызметкерге қарсы ондай шабуылдар болып тұрады, ол тапсырыспен жасалады. Елорда әкімі болғанда өз міндетімді тиісті деңгейде атқардым. Өз жұмысымнан қысылмаймын,
деді Көлгінов.