Цифрлық дәуір келгелі үлкен де, кіші де ертелі-кеш смартфонға «байлаулы». Қолымыздағы телефон пайдалы зат болғанымен, дұрыс қолдана алмасаң, зардабын да тартқызады. Әсіресе, интернетке жалғанған смартфон – өте қауіпті. Ал, қазір интернетсіз телефон жоқтың қасы. Технология дәуіріне тез бейімделген алаяқтар дәл осы жағдайды жақсы пайдаланып отыр. Қарапайым ғана ережелерді білмесеңіз, қолыңыздағы телефон тақырға отырғызып кетуі мүмкін. Қаржылық сауатты болудың бір жолы – алданбау, деп жазады Қаржылық Сауат арнасы.
Ішкі істер министрлігінде Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бар. Сол орталықтың жедел уәкілі, полиция майоры Қаныш Ашжанов бізге интернет-алаяқтықтың қандай түрлері көп кездесетінін айтып берді. Интернет бетінде ақшаны еселеуге қатысты жарнама көп, соған қызыққан қазақстандықтар алаяқтардың құрығына түсіп қалып жатыр дейді.
Қаныш Ашжанов, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының жедел уәкілі:
Жиі кездесетін интернет-қылмыстардың түрлері – онлайн-сауда, алдын ала ақша аудару, инвестиция, банк немесе полиция қызметкері ретінде өздерін таныстыру және онлайн-несие. Банк немесе полиция қызметкері ретінде өздерін таныстырып, жалған ақпарат айтып, азаматтарды алдап келеді. Онлайн-несие жоғарыда айтылған мысалдармен бірдей жасалады.
Көбіміз алаяқпен сөйлесіп көрдік. Әдетте, банк қызметкері болып хабарласады. Жиі еститін әңгімеміз: «Белгісіз біреу қазір сіздің атыңыздан кредит алғалы жатыр…» Мұндайда ескеру керек, банк немесе полиция қызметкері, не болмаса, қандай да бір мемлекеттік орган қызметкері сіздің банктегі шоттарыңыз туралы арнайы операцияларды телефон арқылы жүргізбейді. Сондықтан, бейтаныс адамның сөзіне сенбеген дұрыс. Егер мән-жайды анықтап алғыңыз келсе, әңгіме кезінде аты аталған банктің байланыс орталығына қоңырау шалған жөн.
Қаныш Ашжанов, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының жедел уәкілі:
Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде, жалпы ғаламтор желісінде ұлттық компаниялардың атынан инвестиция салымдары, ломбард ставкалары туралы хабарландырулар таралып жүр. Сондықтан, инвестициялық салымдар туралы шешім қабылдамас бұрын интернетте орналасқан компаниялардың ресми нақты өкілдеріне хабарласу қажет.
Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, былтыр, 2022 жылы Қазақстанда интернет-алаяқтыққа қатысты 20 944 факт тіркелген. Осындай кылмыстар көп жасалатын өңірлерден Астана қаласы көш бастап тұр – 4397 факт. Одан кейін Алматы қаласы мен Қарағанды облысы тұр.