Сот Оралда төбелеске қатысқан шетелдіктерді республика аумағынан шығару туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
30 қыркүйек күні сағат 00.00 шамасында БҚО ПД Жедел басқару орталығының инспекторлары сыртқы бейнебақылау камераларының мониторингі кезінде Оралдың түнгі клубтарының бірінің жанында ер адамдардың төбелесін байқаған.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері мас күйінде бір-бірімен төбелескен Ресей азаматтарын ұстады.
Бұл факт бойынша материал жиналып, куәгерлерден жауап алынды. Жанжалға қатысушылар Абай полиция бөліміне жеткізілді.
Қолданыстағы заңнама бойынша, құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық), 440-бабы (Қоғамдық орындарда мас күйінде болу), 437-бабы (Тыныштықты бұзу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды,
делінген хабарламада.
Оралдың мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысы арқылы ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабында көзделген ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 1992 және 1995 жылдары туған РФ азаматтарына 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды.
Ал кейін Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» ҚР Заңының 28-бабының негізінде ҚР заңнамасын бұзғаны үшін оқиғаның барлық қатысушысын республика аумағынан шығару туралы шешім қабылдады.