Желіде кәсіпкерді айуандықпен өлтірген сәттің видеосы тарады. Кейін ауыр қылмыс жасаған күдіктілердің кім екені анықталған еді.
Қайғылы оқиға 6 тамызда сағат 20.00 шамасында болған. Белгілі бизнесмен Еркін Мұсанғалиев дәмханада екі жігітпен сөйлесіп отырғанын кадрлардан байқауға болады. Кенеттен жанжал басталып, жігіттердің бірі кәсіпкердің мойын тұсына пышақ сұққан. Артынша тағы бірнеше рет ұрады. Кәсіпкер жараланса да терезеден секіріп, қашуға тырысыпты. Алайда күдіктілер оны қуып жетіп, ақыры өлтіріп тынған. Кәсіпкер жедел жәрдем келгенше көз жұмды, деп хабарлайды Мой город порталы.
Алдын ала мәлімет бойынша, қалалық саябақ пен П.Атоян атындағы стадионның автотұрағында көптеген пышақ жарақаты бар 49 жастағы ер адамның мәйіті табылған. Анықталғандай, ол қаладағы белгілі кәсіпкер, бірнеше дәмхана мен мейрамхананың иесі болған.
Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабына («Адам өлтіру») сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Ауыр қылмыс жасады деген күдіктінің аты-жөні анықталды. Қылмыстың куәгерлерін анықтау шаралары, күдіктіні ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүріп жатыр
деді Абай полиция бөлімінің бастығы Самат Аисов.
Бақылау камералары арқылы полицейлер екі күдіктінің кім екенін бірден анықтады. Ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 1991 жылы туған Қожантаев Руслан Фархатұлы, 2001 жылы туған Амангелді Тұрлан Сырлыбайұлына іздеу жарияланды. Олар кісі өлтіргеннен кейін оқиға орнынан қашып кеткен.
Руслан Қожантаев сақалын қырып тастауы мүмкін. Полиция оның нұсқасын да жіберді.
Полицияның мәліметінше, күдіктілерді іздестіру мен ұстауға жеке құрам мен қосымша күш жұмылдырылды. ҚР Ұлттық ұланының 5517 әскери бөлімінің (ішкі әскерлері) әскери қызметкерлері де тартылды.
Бүкіл облыс бойынша олар болуы мүмкін барлық жерді: жертөлелерді, шатырларды, бұрыш-бұрыштарды тінтіп, қаланың шыға берісінде барлық көліктерді тексеріп жатырмыз
деді полиция департаментінің өкілі Болатбек Белгібеков.
Қылмыскерлерді іздеу жұмыстары бірнеше күннен бері жалғасып жатыр.
Uralskweek басылымының хабарлауынша, жәбірленуші мен күдіктілер арасында жұмысқа байланысты келіспеушіліктер болыпты. Кәсіпкер жұмысшыларға уақытылы жалақы төлемей, көбіне қарыз болып қалған. Ал қылмыс жасады деген күдіктілер оған жұмыс істеген екен.