Келесі, 2023 жылды бүкіл ТМД елдері «орыс тілінің жылы» деп өткізбекші. Бұл туралы ресми түрде ешкім жарияламады, билік те айтпады, бірақ бұл рас жаңалық, дейді сарапшы Бақытжан Бұқарбай.
Осыдан екі ай бұрын Астанада ТМД елдері сыртқы істер министрлерінің кеңесі өткен еді. Сол жиында министрлер ұлтаралық тіл ретінде орыс тілінің жылын өткізу туралы жобаны мақұлдаған. Оны қалай өткізбекші? Мақұлданған жобада 150 пункт бар. Орыс тілін насихаттау үшін ғылыми, мәдени, ағартушылық шаралар өткізу, орыс тілінен беретін педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру, ТМД азаматтарын ресейлік ЖОО-ларға оқуға тарту деген тұстары бар.
Бірақ бұл әңгіме қазақстандық қоғамда талқыланбады. Бәлкім, көзден таса болған шығар.
Бұқарбайдың айтуынша, билікке де оны жариялаудың қажеті жоқ еді:
– Қоғамның ресейлік саясатқа деген көзқарасы түсінікті. Отыз жыл бойы мемлекеттік тіл орыс тілінің ығында жүріп, соңғы жылдары ғана бас көтере бастады. Соның бәріне қарамастан, Кремльдің қолынан су ішкендер жиналып келіп, орыс тілін насихаттамақ.
Иә, орыс тілінің кінәсі жоқ шығар. Бірақ өзгеге соғыс бастап отырған елдің мәдениетін қалай насихаттауға болады? Ресей ТМД елдері бойынша ағартушылық шараларын өткіземіз дегенімен, шын мәнінде еліміздің ішінде диверсиялық немесе басқа да зиянкес жұмыстарды жүргізбейтініне кім кепіл? Сосын қоғамда ұлттық мүдде, қазақ тілі мәселесі шешілмей жатқанда, аударылып қойған «Аватардың» өзін ана тілімізде көре алмай жүргенде 2023 жылды «орыс тілінің жылы» деп танудың қандай қажеті бар еді? Ақорда неге ұлттық идеологияда теріс бағытта кетіп бара жатқанын аңғармайды? Біз білмейтін басқа жоспар бар ма, әлде бұлардың арасында кәсіпқой, әрі ең бастысы, ұлт жанашырлары қалмаған ба, – деген сауал тастайды ол.