Categories: Қоғам

«Орыстарға рақмет». Қазақстандықтар тұрып жатқан пәтеріне қымбат төлеуге мәжбүр

Елімізде қазірдің өзінде 70 мың Ресей азаматы ЖСН алды. Ресейліктердің елге келуі пәтердің жалдау ақысына әсер етті. Ел азаматтары тұрып жатқан пәтерінің жалдау ақысы қымбаттағанына наразы. Материалға пікір білдірген барлық адамның аты өзгертілді.

«Пәтерді босатыңдар, Ресейден келгендерге қымбатқа берем»

Сандуғаш — 1-курс студенті. Университетке түскенде жатақхана керек емес екені туралы құжатқа қол қойған. Өйткені ата-анасы құрбысы екеуіне пәтер жалдап береміз деп шешіпті.

Алайда кейінгі кезде Ресейдегі мобилизацияға байланысты келген азаматтар баспана іздеп жатыр. Соларға жалдамалы пәтерін өткізу үшін біздікілер жалдау ақысын удай қылып жіберді. Біз тұрып жатқан пәтер иесі кенет «бүгін кешке пәтерді босатыңдар» деп келді. «Болмаса, ақысын 3 есе қымбат төлеңдер» деді. Пәтерді Ресейден келген отбасына қымбатқа бермекші екен,

дейді Сандуғаш.

Сөйтіп, құрбысымен бірге киім-кешегін апыл-ғұпыл жинап кетуге мәжбүр болған. Қазір жатақханаға ауысыпты.

Біз Алматының Әуезов ауданында бір бөлмелі пәтерде тұрдық. Айына 180 мың теңге + коммуналдық қызметттерге төледік. Ал бізге бір кеште келіп енді 400 мың теңге төлеңдер деді,

дейді Сандуғаш.

Ол ертеңіне сол пәтері орналасқан үйге барғанда әлгі Ресей азаматтарының зат түсіріп жатқанан көрген. Олардың «мұнда баға арзан екен, бірақ пәтер қымбат» деп жатқанын естігенін айтады.

«Үй иесі бес адам боп тұратынымызды білмейді»

Әйгерім Алматының 9-шағын ауданында тұрады. Бес қыз болып кішігірім екі бөлмелі пәтерді жалдаған. Үй ескі, бөлмелер де тар. Осы пәтерді бір жылдан бері 150 мың теңге + коммуналдық қызметтер ақысын төлеп жалдап келеді.

Бізге 50 мың теңге қосты. Негізі бірден 100 мың теңге қоспақшы болды. Өткенде барлық жерде пәтердің жалдау ақысы қымбаттап жатқанда, баға көтеріп қалмасын деп өзімізше үйдің оны-мұнысын жөндеп, перде ауыстырдық. Солар әсер еткен болуы керек, бірден 250 мың теңге етуден айныды,

дейді Алматы тұрғыны.

Үй иесі пәтердің жалдау ақысын не үшін көтеріп жатқанын түсіндірмеген. Қазір осы шағын аудандағы пәтерлердің бағасы 200-250 мың теңге болып тұр. Сондықтан үй иелері 150 мың теңгені арзан деп шешкен.

Бізге үй иесі: «Тым болмағанда, 200 мың теңгеге көтерем, оған не дейсіңдер?» — деп жазды. Сосын «жарайды, ойланайық, орыстарға рақмет» деп жазып жібердім. Оныма жауап бермепті,

дейді Әйгерім.

Әйгерім қазір пәтерде бес қыз болып тұрып жатыр. Дегенмен пәтердің шаршы метрі шағын болғандықтан, үй бес адамға тарлық етеді. Бағаны көтермей тұрып, бір қызды шығарып, әр бөлмеде екі-екіден тұрсақ деп жоспарлап жүрген көрінеді. Соның өзінде коммуналдық қызметтерді қосқанда әр адам айына 40 мың теңгеден төлеуі керек.

Енді төрт қыз қалсақ, адам басына 50 мың теңгеден түсейін деп тұр. Содан бесінші қызды жібере алмаймыз, бірақ үй тарлық етіп жатыр. Үй иесі бес адам боп тұратынымызды білмейді. Жасырдық. Үш қыз тұрамыз деп айттық. Соның өзінде пәтерақысын көтеріп тұр. Ойлаңызшы, бес қыз тұратынымызды білсе, 300 мың теңгеге бір-ақ шығарушы еді,

дейді ол.

Әйгерімнің айтуынша, бұл пәтерде үш қыз тұрса, әрқайсы айына 67 мың теңгеден, коммуналдық қызметтерді қосқанда 70 мың теңгеден төлеуі керек еді.

Қазір нарықтағы айлық — 150 мың теңгенің айналасы. 200 мың теңгелік жұмыс жоқ. Сол айлықтың жартысын кесіп, пәтерақысына бересің. Онда да бір үйде топырлап тұрасың. Кеше пәтердің иесі «шешіп айтыңдар, біз де ары қарай не істейтінімізді білейік» деп жазып жіберді. Келіспесеңдер, басқа адам алайық деген сөзінің түрі ғой. Амал жоқ, келістік,

дейді Әйгерім.

«Кешіріңіз, бағаны көтеруге мәжбүрміз» деді

Алмас 30 жаста. Алматыдағы Шахристан тұрғын үй кешенінде 1,5 бөлмелі пәтерді жалдап тұрады. Пәтері — «кухня-студия».

Соғыс басталғалы (Ресей-Украина — ред.) пәтер иесі бағаны екі рет көтерді. Басында 220 мың теңге еді, мамырда 250 мың теңге болды. Жақында 300 мың теңге қылды. Себебін сұрағанда — «Кешіріңіз, бағаны көтеруге мәжбүрміз» деді,

дейді Алмас.

Алмас пәтерге мұндай ақы төлеуге қарсы емес. Бағаны көтереміз деп үй иесі хабарласқан сайын бірден келіскен. Өйткені баға тіпті аспандап кетеді деп ойлаған.

Пәтердің жалдау ақысы не үшін қымбаттап жатқанын бәріміз білеміз. Адамдар ағылып кеп жатыр, сұраныс жоғары. Мен былай айтайын. 300 мың теңге жай-күйі орташа, пәтер жөнделген үй үшін аса көп сома емес. Біздің елімізде ең төменгі жалақы тым аз. Содан да пәтердің жалдау ақысы қымбат боп көрінуі мүмкін. Қанша дегенмен, пәтердің бағасын көтерген жаман, әрине,

дейді қала тұрғыны.

Алмас пәтер иесі бағаны тағы көтерем деп жатса, ары кетсе, үстіне 50 мың теңге қосып беруге дайын. Онда да лажсыздан қосады. Ал одан да көп сұраса, мұның дұрыс емес екенін айтпақшы.

Ол пәтердің жалдау ақысымен қоса, коммуналдық қызметтерге жазда айына 20 мың теңге, қыста 25 мың теңге төлейді.

«Пәтерақысы бірден 250 мың теңгеге көтерілді»

Жадыра жолдасы екеуі бір бөлмелі пәтерде тұрады. Жақында пәтері 150 мың теңгеден бірден 250 мың теңгеге көтерілген.

Пәтерде жолдасым 2019 жылдан бері тұрады. Карантин кезінде пәтер иесі 35 мың теңге ғана пәтерақы алыпты. Былтыр желтоқсанда 75 мың теңге болды, қаңтарда бірден 110 мың теңге төледік. Жазға қарай тағы көтерді — 150 мың теңгеге барды,

дейді ол.

Жадыраның айтуынша, баға нарыққа байланысты көтерілген.

Басқа жақтан ипотекаға пәтер алып жатырмыз. «Черновой» күйі алған едік, толық дайын емес. Сонда да осы ай көшсек деп отырмыз. Өйткені ипотекаға да, мұндағы пәтерге де қатар төлеу оңай емес,

дейді Жадыра.

Жадыра жолдасымен бірге Алматыдағы Ганди саябағына жақын маңда тұрады.

Осы 150 мың теңгеге туыстарымызға тапсырып кетейін дегенбіз. Бірақ үй иесі келесі адамға 250 мың теңгеге берем деді,

дейді ол.

Жадыра әріптесінің пәтер іздегенін де айтып өтті. Пәтерді жалға беруші хабарласқан барлық адамды бір сәтте шақырады екен. Сосын соның ішінен біреуіне береді. Жадыра «Сонда әлгі пәтерді алу үшін не істейді? Бір-бірімен қырыла ма?» деп налиды.

Айта кетейік, елімізде Ресеймен шекаралас аймақтағы қалаларда пәтер ақысы бірден 50%-ке өсті.

Ресейде мобилизация жарияланып, Қазақстанға ресейліктер көшіп жатқанда Krisha.kz сайтына жалдау ақысы 800 мың теңге тұратын бір бөлмелі пәтер қойылды.

Таңшолпан Төлеген

Recent Posts

Жалған техникалық тексеру 100 АЕК айыппұл салынбақ

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30…

3 дня ago

Кредиті айлығының жартысына жеткендерге жаңа несие бермейді

Қазақстанда енді несие беру кезінде қарыздық коэффициентті есептеу жүйесі қолданылады. Егер адамның ай сайын төлейтін…

4 дня ago

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

5 дней ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

5 дней ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

5 дней ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

1 неделя ago