Қостанай облысындағы өрт салдарынан баспанасынан айырылған тұрғындарға арнап жаңа тұрғын үйлер салынады. Бұлай деп Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев айтты.
Тілсіз жалыннан ең көп зардап шеккен елдімекеннің бірі – Аманқарағай ауылы. Жалпы алғанда, Қостанай облысындағы өрт 108 нысанды шарпыды. Оның 91-і – тұрғын үй. Соның ішінде Аманқарағай ауылында 85, Озерное ауылында 6 баспана зақымдалған.
Техникалық зерделеу қорытындысы бойынша тұрғын үйлер толықтай жанып кеткендіктен қайта қалпына келтіруге келмейді. Қазіргі күнде тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін Әулиекөл ауылынан 2 гектар жер телімі бөлінді. Ондағы әр 8 сотық жерге жалпы аумағы 100 шаршы метр болатын бір қабатты баспаналар салынады.
Айта кетерлігі, Әулиекөл ауылы аудан орталығы болғандықтан елді мекенде инфрақұрылым толықтай жүргізілген. Ауылда әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы нысандардың бәрі бар.
Жергілікті мердігер ұйымдарды тарту арқылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады. Құрылыс жұмыстарына тек жергілікті өндірушілердің өнімі қолданылады. Жедел түрде жұмысты бастау туралы тапсырма қойылып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2 ай ішінде құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтауды мақсат етеді. Бұл үшін барлық тиісті шара қабылданып жатыр. Бұл мәселе министрлік басшысының тікелей бақылауында,
деді вице-министр Еркебұлан Дауылбаев.
«Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ пен ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Мемсараптама» РМК өздерінің жеке қайтарымсыз қаражаты есебінен инженерлік жүйелердің жобасын даярлау жұмыстарын бастады. Мемлекеттік сараптама да институттардың қаржысы есебінен жүргізіледі деп жоспарланып отыр.
Қазір министрлік көлік қатынасын қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізіп, барлық инфрақұрылымдық нысанның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша шараларды іске асырып жатыр.