7 қыркүйек сағат 8:00-дегі ақпарат бойынша Қостанай облысында жалындап жатқан учаскелер жоқ. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі жедел штабы хабарлады.
Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Жалындап жанып жатқан учаскелер жоқ, қазір қалдық от ошақтары сөндіріліп жатыр.
Төрт аумақта (Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдары) қарауылдау ұйымдастырылды. Аздаған жауын жауғандықтан ауа ылғалдығы күшейді. Озерное, Лесное және Аманқарағай ауылдарында жағдай тұрақталды. Озерное, Аманқарағай ауылдарында тек локальды өрт ошақтарының бықсуы байқалады,
делінген ТЖМ хабарламасында.
Жедел штабтың хабарлауынша, өрт сөндіру басталған сәттен бері тікұшақтар әуеден 243 рет су шашты.
Күштер мен құралдар негізгі жұмыс жүргізетін Бағаналы аудандарына қайта топтастырылды, онда жер жырту жұмыстарын жүргізу үшін Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың инженерлік техникасы да жұмылдырылады.
Өрт басталғаннан бері барлығы 2 091 адам эвакуацияланды (3 қыркүйекте Аманқарағай, Озерное және Лесное ауылдарынан — 1 841 адам, 5 қыркүйекте Бағаналы ауылынан Қазанбасы ауылына — 250 адам). Әулиекөл орта мектебінің (21 адам), Әулиекөл мектеп-интернатының (1 адам), Қазанбасы орта мектебінің (20 адам) эвакуациялау пунктінде 42 адам, оның ішінде 14 бала бар,
делінген хабарламада.
Жедел штаб эвакуцияланғандардың негізгі бөлігі үйіне оралғанын, қалғаны туыстарының үйінде екенін жеткізді.
Барлығы 91 тұрғын үй зардап шекті: 85-і Аманқарағай ауылында және 6-уы Озерный ауылында.
Учаскелердегі өртті сөндіруге құрамында ТЖМ, ІІМ ҰҰ, Қостанай қаласындағы академияның, Қорғаныс министрлігінің, ЖАО және облыстың коммуналдық қызметтерінің күші мен құралы: 79 техника, 6 әуе кемесі, 2 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамнан 721 адам жұмылдырылды.
12 адам (7 тұрғын: кәмелет жасқа толмаған бір адам, орман шаруашылығының 1 қызметкері, әкімдіктің 1 қызметкері, ТЖМ 3 қызметкері) жеңіл және орташа ауырлықта жарақаттанды, күйді, уланды, 1935 жылы туған бір адам қаза тапты,
дейді ТЖМ жедел штабы.
4 қыркүйекте өрт аумағы 43 мың гектардан асты, орман шаруашылығының жалпы ауданы — 107 257 га.
ТЖМ жедел желісі жұмыс істейді, ТЖМ мен Қостанай облысының ТЖД психологтарының жұмысы ұйымдастырылған. ТЖМ жедел желісіне ақпараттық сипаттағы 37 қоңырау түсті.
Штабтың хабарлауынша, Әулиекөл ауданының эвакопунктінде жеті психолог шұғыл психологиялық көмек береді. Консультативтік көмек 124 адамға берілді және топтық жұмыс форматымен 45 бала қамтылды.
Өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.