Қостанайда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жеңгетайлық схемасын ашты.
Қалада тұратын 39 жастағы әйел әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы ұзақ уақыт бойы колледждердің бірінің жас студенттерін жезөкшелікпен айналысуға тартқан екен.
Алдымен ол қыздарға массаж жасайтын жұмыс ұсынып, кейін ақшаны көп табу үшін интим қызмет көрсетумен айналысуға көндірген. Жеңгетай қыздарды күзетпен, жалдамалы пәтерде клиенттерді таңдаумен қамтамасыз еткен. Бизнестің осындай түрін таңдаған жеңгетайдың жезөкшелікпен айналысуға 10-нан астам қызды тартқаны белгілі болды. Полицейлер қылмыс тетігін және қылмыстың барлық қатысушыларын толық анықтады,
деді Қостанай облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Серік Байғонов.
Жалдамалы пәтерлер мен тұрғын-жайларды тінту барысында түрлі заттар, телефондар мен 5 млн теңгеден астам қаражат және 8 мың ресей рублі тәркіленді.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 308-бабы (Жезөкшелікпен айналысуға тарту) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.