Қазақстандық танымал дизайнер Назым Қарпықова Францияның астанасы Париж қаласында сән көрсетілімін көрсетті. PARIS FASHION AIR 2024 атты шараға Назымды ұйымдастырушылардың өздері шақырған.

Атақты француз дизайнері Пако Рабанның қызы Вероника Жанви Шанель, Диор сияқты беделді брендтердің сән көрсетілімдері өтетін сарайға мені де шақырды. Негізінен жаз бойы шақырып жүрген. «Сенің коллекцияң осы жерде көрсетілуі керек, өте таланттысың, киімдерің өте әдемі» деген соң топтамаммен Парижге бардым. Бұл жерге әлемдік атақты адамдармен бірге жұмыс істейтін дизайнер, стилистер келеді. Қыркүйектің басында ұсынысқа келістім,
дейді Назым.

Назым – отандық «Аруназ» брендінің негізін салушы. Дизайнердің сөзінше, көрсетілім жоғары деңгейде өткен.
Сән көрсетіліміндегі топтаманы 2 аптаның ішінде тігіп шықтық. 30-дай көйлек апардым. Парижде тұратын қазақтарды қонақ етіп шақырдым. 80-дей адам мені қолдап келді. Негізінен залда 300 адам болды. Менің көрсетілімімді беделді модельдер ашты. Египеттің атақты актрисасы да қатысты. Париждегі Қазақстан елшілігінен де адамдар келіп, мені қолдады. Сән көрсетілімінен соң өте көп ұсыныс алдым. Парижде қалып, жұмыс істеуіме есіктер ашылды. Болашақта «Аруназ» сән үйі Парижде ашылады деген ойдамын,
дейді дизайнер.

Назым сындарлы сәтте жанында болған жанашыр құрбыларына алғысын жаудырды.
«Астанадан келген Құралай ханымға, Әсел ханымға рақметім шексіз. Менің сән үйімде жұмыс істейтін 40-тан астам қыз екі аптаның ішінде күн-түн демей еңбектеніп, киімдерді тікті. Оларға да үлкен алғыс айтамын», — дейді Назым Қарпықова.

Ал көрсетілімді көзбен көрген Құралай Ошақбаева Назым қазақтың туымен шыққанда үлкен әсерге бөленгенін жасырмады.
Сән көрсетілімі өте керемет өтті. Негізінен бұл – бүкіл дизайнер бір апта бойы өздерінің киімдерін көрсететін шара. Атақты Шанель сияқты брендтердің қатарында отандық Аруназ сән үйінің негізін қалаушы Назым өзінің киімдерін апарып, сән көрсетілімде ойып тұрып орын алды. Қазақтың туымен шыққан кезде үлкен әсерде болдым. Құрбылары қазақтың құртын, ақ дәмін әкеліп, Париждің төрінде шетелдіктерге дәм татқызды. Назым бабалардың аманатын заманауи стильде күнделікті киіп жүруге ыңғайлап тіккен. Топтамасынан қазақылықтың иісі аңқып тұрды. Өзім қазақтың дәстүрімен шашу шаштым. Сол жердегі жиналған шетелдіктер біздің топтаманы жоғары бағалады,
дейді Құралай Ошақбаева.

Автор: Мейіргүл Оңғарова