Өткен аптада халық арасында ең көп талқыланған тақырыптардың бірі — президенттікке кандидаттардың тікелей эфирдегі пікірсайысы. Көпшілік кандидаттардың дайындығына, сұрақтары мен берілген жауаптарына қанағаттанбады. Әрі бағдарламалары да елге зор пайда әкеле алатындай жан-жақты қамтылған, зерделенген, әділ деп айтуға келмейтінін жеткізді.
Дебатта кандидат Қарақат Әбден атышулы мәлімдеме жасап, елдің талқысына түсті. Ол шымкенттік көрерменнің «қазақ қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығуына қалай қарайсыз» деген сұрағына былай деп жауап берді:
Осындай жағдайда жастар сезімге беріледі. Мен оларға «Бақытты бол» дегім келеді. Бірақ соңғы кездері бұл қадамға есеппен баратын жастар көбейіп барады. Әртүрлі есептеулер: олар шетелдегі өмірге қызғанышпен қарайды. Бірақ біз салт-дәстүрді сақтау тұрғысынан қарауымыз керек. Қыздар біздің құндылығымыз. Оларды шетелге қалай береміз? Шетелдікке тұрмысқа шыққысы келетіндерге салық салуды ұсынамын, содан кейін қыздар мен олардың ата-аналары ойланатын шығар,
деді кандидат.
Феминистердің жүйкесін тоздыруға әбден машықтанып алған кандидат өз мәнерінен таймай, әйел адамдардың құқығын шектейтін бағдарлама ұсынды. Әбденнің бұл мәлімдемесі Қазнеттің ашуына тиді. Пікірлердің басым бөлігі «елде бұдан да маңызды проблемалар бар және бірінші кезекте сонымен айналысу керек» деген сарында.
«Басқа мәселелерді қатырып қойғандай, кім кімге үйленіп жатқанын қазбалау қалды енді»
«Неге зорлық-зомбылық көрсетіп жүрген еркектермен айналыспайды? Бала-шағасын тастап кететін еркектерге неге салық салмайды? Алимент төлемейтін еркектерге? Әйел бола тұра әйелді неге түсінбейді? Мына кісі осындай төмен көзқарасымен ешқашан дамытпайды Қазақстанды! 10 қадам артта жүреміз, керек емес мұндай президент! Басқа проблема жоқ па, Қарақат ханым?»
«Тездетіп сайлау өтіп кетсе екен, мыналардың сандырағын тыңдата бермей» деп жазды оқырмандар.
«Қайда кетіп жатыр емес, неге кетіп жатыр деп қарамайсыңдар ма. Шын жандарың ашыса, неге кереметтей қазақ қыздары жылап жүр, неге отбасы құрған соң “тұншығып” отыр, неге таяқ жейді? Неге күйеулері де өзі секілді әкеден үлгі алған? Неге?!«
Қазақ қызы ешқашан ер адамға қарсы шықпаған
Жалпы Қарақат Әбденнің феминистермен қастық байланысы 2019 жылдан бастау алады. Дәл сол жылы ол мазмұны көп сұрақтар тудыратын «Сен – қазақ қызысың. Мақтан ет!» деген кітап шығарған болатын.
Қоғам белсенділері кітаптағы кейбір дәйексөздерді сексистік және әйелдердің қадір-қасиетін төмендететін деп санады. Мысалы, кітапта былай делінген: «Сенің пәктігіңді білгенде, сен таңдаған адам сені қорғайтын болады және оны күткенің үшін іштей алғыс білдіреді. Ол қызды болашақ әйелі ретінде қарастыратын болады – және, әрине, оның мінсіз болғанын қалайды».
Сондай-ақ, 2019 жылы Әбден феминизмді сынға алып, қазақ қыздары батыстағыдай ешқашан ер адамға қарсы шықпағанын және феминизммен айналыспағанын айтқан. Алайда келесі бір сөзінде, олар керісінше ерлермен тең болған деп мәлімдеді.
Бізге бұл қажет емес. Мен айтқым келетіні, қазақтар – туа біткен феминистер. Қазақ даласында әйел әрқашан ер адаммен тең болды: ол ешқашан бетін жаппаған, атқа отырды, туған жері үшін қатар күресіп, маңызды шешімдерге қатысты,
деді Әбден.