Өз өмірін қатерге тігіп, Астанада көп қабатты үйлердің бірінде шыққан өрттен үш адамның өмірін сақтап қалған өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің ерлігі ел аузында.
Алапат өрт Астанадағы Момышұлы даңғылындағы 15 қабатты үйлердің бірінде шыққан. Тілсіз жаудан құтқарушылар, оның қатарында Асқар да бар, өз өмірлерін қауіпке тіге отырып, бес адамды құтқарған.
Өрт кезінде Асқар 12-қабаттан қорғаныш арқанмен 11-қабатқа түсіп, пәтерге терезе арқылы кірген. Ол үшін ол өрт сөндірушінің жауынгерлік киімін шешуге мәжбүр болған. Пәтерге кіріп, 80 жастағы әжені және оның 22 жастағы немересін құтқарған. Сондай-ақ көрші пәтерге кіріп, көк түтіннен балконнан шыға алмай тұрған 10 жасар баланы шығарып алған.
Алайда өрт сөндірушінің денесін 80% күйік шалып, қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жігіттің жағдайы өте ауыр дейді дәрігерлер, ол жасанды желдету аппаратына қосылып, комаға енгізілген.
1994 жылы 5 қаңтарда Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданы Қазгородок ауылында дүниеге келген Асқар Забикулин ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институтын бітірген. Еңбек жолын 9-ӨСБ «Қараөткел» өрт сөндіру бекетінің қарауыл бастығы қызметінен бастады. Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары жедел кезекшісінің көмекшісі лауазымына 2021 жылы тағайындалған екен.
Асқардың 4 және 2 жастағы екі қызы бар. Әйелі Анель Забикулинаның айтуынша, күйеуі жұмысын жақсы көрген және аяққа тұрып кеткен жағдайда да қайта сол жұмысына оралатынына сенімді. Анель Қазақстан арнасының «1001 түн» бағдарламасына қонақ болып, күйеуі туралы толығырақ айтты.
«Отбасы құрғанымызға 5 жыл болды. Осы 5 жыл ішінде жұмысын ауыстыруын сұраған кездерім болған. Бірақ күйеуім өзінің мамандығын өте қатты жақсы көреді. Құдай бұйыртып аяққа тұрып кетсе де сол жұмысына қайта оралатынына сенімдімін. Екі баламыз бар, бірі 4-те, екіншісі 2-ге толады»,
дейді Анель.
Сондай-ақ, студияға Асқардың досы Абылайхан Бірлес те келді. Ол қазір Асқардың атына қаражат жиналып жатқанын айтты.
«Асқар ақша жинау, көмектесу дегенге қарсы болар еді. Бірақ біз достары, сыныптастары, курстастары, әріптестері бар, бәріміз бір шешімге келдік – қаражат жинаймыз деп шештік. Өйткені әлі реабилитация бар, дәрі-дәрмегі бар, алда көптеген шаралар күтіп тұр. Асқардың отбасы жалдамалы пәтерде тұрады. Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілген пәтер. 5 жылға жалға алған болатын, енді бір жылы ғана қалыпты. Асқар қашан аяққа тұрары белгісіз, қазір отбасының басында несиелері бар. Оны достары өзіміз мойнымызға алдық. Барлық шығынды министрлік өз мойнына алды дейді, бірақ бүгіндікке бізге ешкім хабарласқан жоқ. Тек корреспонденттер мен бей-жай қарамайтын жұрттан басқа»,
деді досы Абылайхан Бірлес.
Айта кету керек, Асқармен қатар әріптесі Аян Кемпіревтің де зардап шеккені белгілі. Оның жалпы жағдайы орташа ауырлық дәрежесі ретінде бағаланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Асқар Забикулинді I дәрежелі «Айбын» орденімен, ал Аян Кемпіровты III дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады.