Енді облыстық психоневрологиялық орталықтың қызметкерлері ақыл-есі сау екенін дәлелдеуге мәжбүр болып отыр. Оларға жүйке жүйесі бұзылған деген диагноз қойылған екен.
Әлде кімдер ақшаны жымқырудың осындай әдісін ойлап тауыпты. Психоневрологиялық орталықтың қызметкерлері осылайша әп-сәтте ақыл-есі ауысқандар қатарына қосылып, емделген болып шыққан.
Бірден 300 қызметкер DamuMed жүйесі арқылы SMS-хабарлама алған. Хабарламада денсаулық жағдайы жақсарғандығы айтылып, елорданың психиатриялық оңалту орталығынан аман-есен шығарылғаны туралы жазылған. DamuМed базасында барлығында бір диагноз. «Жүйке жүйесі жұмысының бұзылуы». Басқаша айтқанда, психиатрлар мен орта медициналық қызметкерлердің өздері психикалық ауытқуы бар науқастардың тізімінде болған.
Ең сорақысы, аталмыш қызметкерлер ресми мәліметтер базасында «Ф» белгісімен бекітілген. Яғни, болашақта олар жұмысқа орналаса алмай, тіпті кәдімгі жүргізуші куәлігін ала алмауы мүмкін.
Шындығында, Павлодар психоневрологиялық орталығының бірде-бір қызметкері бұндай ауруға шалдықпаған. Нұр-Сұлтанға ем қабылдауға бармаған. Қиын еңбек жағдайына байланысты дәрігерлерге стрессті жеңілдететін тиісті шаралар еңбек заңнамасында жазылған. Мысалы психотерапия немесе релаксация. Алайда бұл шаралардың қойылған «жүйке жүйесі жұмысының бұзылуы» диагнозына қандай қатысы бар?
Дәрігерлер мұндай ессіздіктің орын алғанына әлі де аң-таң. Мұндай жалған емдеу курстарын ойлап тауып, оларды «Ф» белгісі бар психикалық ауытқуы бар науқастардың қатарына енгізу, әрине біреулердің қалтасына қажет болған таза махинация.
Енді қызметкерлер болашақтары үшін алаңдап отыр. Аталмыш диагнозбен тіпті емханаға баратын жол жабық. Ал жұмысқа тұру туралы ұмытуға болады.
Дәлелдей аламыз ба? Бұл қиын. Мұндай диагнозды алып тастау үшін сотқа жүгіну керек. Ол жағын сұрастырдық. Бұл деректер E-gov, «ДамуМед» сайттарында тіркелген. Яғни мемлекет үшін бұл ресми диагноз,
дейді дәрігерлер.
Прокуратурада анықталғандай, Павлодар психоневрологиялық орталығының дәрігерлері, медбикелері мен санитарларының жеке деректері астаналық клиниканың базасына тікелей орталық басшылығынан түскен. Енді өздерінің «медициналық тарихын» тазарту үшін мекеменің қызметкерлері барлық инстанциялардың табалдырығын тоздыруға мәжбүр.
Өңір әкімдігі мен прокуратурасына ресми түрде шағымданған 11 өтініш беруші бойынша E-gov ақпараттық жүйесі мен платформасынан деректерді жою бойынша жұмыс жүргізілді,
деп хабарлады Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова.
Басшының сөзінше, қазір денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп «ДамуМед» ақпараттық жүйесінен деректерді өзгерту және жою жұмыстары пысықталуда.
11 өтініш беруші психоневрологиялық орталықта жұмысын жалғастыруда. Ал қызметкерлердің тізімін сырттай емдеуге жіберген орталықтың басшысы тек тәртіптік жазамен құтылыпты. Қазір прокуратура қызметкерлері бұл әрекетке кімнің барғанын, дәрігерлерге осындай опасыздық жасағанда қандай мақсатты көздегенін анықтайтын болады.