Елордадан Өскеменге бет алған жолаушылар автобусы шұңқырға құлап кеткен. Салдарынан екі бала қаза тауып, тоғыз адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Оқиға орнына үш жедел жәрдем көлігі мен апаттар медицинасы орталығының бір бригадасы жіберілді. Бірінші болып Қалқаман ауылынан жеткен жедел жәрдем науқастарды қарады.
Көлікте 11 жолаушы болғаны анықталды. Оның алтауы – бала, бесеуі — ересек адам. Олар бір-біріне туыс болып келеді. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 2016 және 2008 жылғы туған кәмелеттік жасқа толмаған жолаушылар оқиға орнында көз жұмды. 6 адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Оның ішінде үшеуі — бала.
Жол апатына қатысты тексеру жұмыстары басталды.
Toyota Noah (минивэн) көлігін басқарған 31 жастағы жүргізуші рульді басқара алмай қалып, көлік шұңқырға аударылып кеткен. Аталмыш факті тексерілуде,
деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккен ересектер № 1 қалалық ауруханаға, балалар облыстық балалар ауруханасына көптеген сынықтар мен жарақаттармен жеткізілген.
Бес адамның ішінде екі ер азамат көптеген сынықтармен полижарақаттар бөліміне жатқызылды. Жабық бас сүйек жарақаты мен бас миының шайқалуы тіркелді. Бірнеше жарақат алып, бас миы шайқалған екі әйел адам ауруханаға жатудан бас тартты.