Мемлекет басшысының жарлығымен Павлодар облысының әкімі тағайындалды.
Асайын Байханов Павлодар облысының әкімі лауазымына тағайындалды.
Еңбек жолын Қазақстандағы еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) бағдарламасы бойынша банк секторында жұмыс істеген. Алдымен Екібастұзда несие сарапшысы, кейін Алматыда ЕҚДБ бағдарламасының бас офисінің бөлім бастығына дейін өсті. Procredit Holding AG неміс халықаралық банк холдингінде, соның ішінде оның украиналық қаржы мекемесінің (Киев) атқарушы директоры болды.
Қазақстанға оралғаннан кейін Асайын Байханов «Нұрбанк» басқарма төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Тоғыз жыл жұмыс істегеннен кейін банк секторынан шығып, ауыл шаруашылығында кәсіпкерлік қызметпен айналысты. Алты жылын АӨК бизнесіне арнады. Кейін квазимемлекеттік секторда болып, «ҚазАгроның» еншілес компанияларының бірі төрағасының орынбасары болды. Осы қызметте бес жыл еңбек еткеннен кейін туған жеріне оралып, Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Аймақ басшысының орынбасары бола отырып, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастарына жауапты болды.
2021 жылдың 19 шілдесінде Павлодар қаласының әкімі қызметіне ауысқан.
Бұған дейін облыс әкімінің міндетін уақытша Олег Крук атқарған.
Еске салайық, 1 желтоқсан күні Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының әкімі лауазымынан босатылды.