Пәтерде оны үш жігіт зорлаған.
Бұл туралы «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
16 жастағы қыз үш жігіт жабылып зорлаған соң терезеден секіріп кеткен. Абырой болғанда, ағашқа құлап, тірі қалды, бірақ қатты зардап шеккен. Бірнеше ота жасалды. Қазір омыртқасы мен өзге де мүшелері сынған қыз ауыр жағдайда ауруханада жатыр.
Мәліметке сүйенсек, зардап шеккен қыз бен оның әпкесі жетімдер үйінде тәрбиеленген. 2009 жылдан бері екеуі Екібастұз қаласында екі бөлек балалар үйінде өмір сүрген. 2012 жылы аналары қайтыс болған соң тұл жетім қалған. Ал әпкесі былтыр ғана тұрмыс құрып, Павлодарға көшкен. Жуырда ғана кәмелет жасына толған әпкесі сіңілісін заңды түрде қамқорлығына алу үшін көмек сұраған. Қайғылы оқиға күні бойжеткен жалғыз әпкесін іздеп қалаға келіпті.
Ересек өмірге дайын емес қыз жалғыз өзі туған күнге барған. Ұнамаған соң шығып, қалада адасып кеткен. Жол-жөнекей үш жігітті кездестіріпті. Біреуі әпкесінің сыныптасы болып шыққан. Ол жас қызды алдап, өзімен бірге баруға көндірді. Такси шақырып беремін деді. Телефонын өшіріп, оны зорлаған,
деп жазды Таңсәрі.
Ол бұл жағдайды көтере алмай терезеден секріп кеткен. Сіңілісінің зорланғаны туралы «НеМолчи» қоғамдық қорына әпкесі хабарлапты. Қазір ол оның қасынан екі елі ажырамайды.
Қазір күдіктілер қамауға алынды. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.
Полицейлер кәмелетке толмағанды зорлау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 3-1-бөлігі, 121-бабының 3-1-бөлігі және 105-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде,
деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінде.
Сондай-ақ Таңсәрі қызды қорғайтын адвокаттың табылғанын мәлімдеді.