Қасиетті мекенге ат басын бұрған азамат сапары барысында алты мемелекетті басып өтпек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Қожакелді Алданов «Құнанбайдың ізімен Меккеге сапар» деп 28 мамыр күні Екібастұз қаласынан ұзақ жолға аттанды.
Аллаһым осы күнді бұйыртқан шығар. Жаным Жаратушыға аманат! Енді Аллаһым Меккеде, Қағбаның жанында Жаратқанға дұға етуді жазсын. Жексенбі күні жолға шықтым. Алғашқы аялдама — Астана қаласы. Ай барып, аман қайтып, қайта қауышу бұйырсын,
деді Қожакелді Алданов.
Ұзақ сапарға аттанған жерлесіміз Қазақстан арқылы Әзербайжанға, одан ары Грузия, Түркия, Иордания және Сауда Арабиясына жетуді көздеп отыр.
Қазір Қожакелді Алданов Астрахань қаласына келіп, виза мәселесіне тап болыпты.
Араб елшілігі елге жаяу кіруге мүлдем виза бермейді екен. Тіпті, ол заңда да жоқ. Тек ұшақ арқылы баратындарға ғана электронды виза беріледі. Қазір менде бір ғана нұсқа бар — ол барынша Араб еліне жақындап барып, елге ұшақпен кіру. Мұнда бізді жаяу кіргізетін Иордания, Египет, Дубай тәрізді елдерге жетіп, сол жақтан турфирмалар арқылы бару,
деді журналист.
Ұмыраға баруды осыдан төрт жыл бұрын ойға алған. Айтуынша, алғашқы кезде арнайы турфирмалар арқылы, әуе көлігімен барамын деп ойлаған. Қожакелді Алданов аяқ асты ойын өзгертуге түрткі болған Түркияға жасаған сапары екенін айтты.
Бұл сапарға велосипедпен шығамын деп мүлдем ойламаппын. Осы жылы көктемде Стамбул қаласында болдым. Сонда Түрікиядағы Осман империясының 24 сұлтаны мекен еткен Топкапы сарайына бардым. Онда өте көп музей бар. Ал біз барған музейдің кіреберісінде құранның үні шығып тұрады. Ол жерде тұрған адам қозғалмайды. Ерекше таң қалдым. Музейдің кіреберісінде қағбаның ең алғашқы есігі тұр. Одан кейін Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) су ішкен ыдысы, жанындағы сахабалары Әбу, Әбубәкір, Хамзалардың соғыста мұсылмандарды қорғаған қылыштары түгел тұр. Сол себепті бұл музейге келген адамдар шыға алмайды екен. Осы кезде қағбаның есігіне қарап тұрып, Алла қаласа осы жылы барам дедім.
Жолға дайындалуға небары бір ай ғана уақыт кеткен. Онда бастысы велосипедті жөндеп, жолға қажетті киім-кешегін, өзгеде қажеттіліктерін жинаған. Бастысы Қожакелді Алданов жүру картасын сызып алған.
Өзімен алып жүретін заттарының қатарында көлігіне қажетті қосалқы доңғалақ, консервілер мен 2 литр су, жаңбыр жауса киетін арнайы киімдер мен оттықтар бар. Ол діттеген жеріне Алла сәтін салса, шамамен 2 айда жетемін деп отыр.
Мен 3000 шақырым жолды тек Қазақстан ішінде жүріп өтемін. Онда Екібастұздан Ақмола облысына, содан кейін Қостанай облысынан шығып Оралға сәл ғана жетпей Ақтөбеге түсем. Одан әрі Атырау-Ақтау деп ел ішіндегі межелі жол аяқталады. Осы жолды жоспар бойынша бір айда жүріп өтуім керек. Ақтаудан паром арқылы Бакуге жетемін. Әзербайжан елінен бәрі сәтті болса, бір аптада шығып кетемін деп ойлаймын. Одан Грузия-Түркия. Осы Түркиядан Иорданияға Қаратеңіздің үстімен ұшамын деген шешімге келдім. Өйткені басқа құрғақ жол жоқ. Ал Иорданиядан Сауд Арабиясына кіру басты мақсатым. Қазір сол виза мәселесі шешілсе болды.