Қасым-Жомарт Тоқаев Әулиекөл ауылындағы гуманитарлық көмек тарату пунктінде зардап шеккен азаматтармен және еріктілермен кездесті. Кездесуде президент Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы енді қашан тойланатынын айтты.
Кездесуде еріктілердің бірі Торғай өңірінен келгенін айтты. Ол жақтың халқы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына дайындалып жатқанын да айтып өтті.
Дегенмен өңірде өрт болып жатқанда той жасамай, көмекке келгенін жеткізді. Мемлекет басшысы бұған жауап берді.
Расында, бұл – үлкен шаруа. Зардап шеккен азаматтардың бәрі 2-3 айдың ішінде баспаналы болады деп уәдемді бердім. Оған күмәнім жоқ. Ол – бір. Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына қатысты. Ең алдымен, осы мәселені шешейік. Содан кейін амандық болса, осы бір қасиетті жерге келіп, Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың рухына тағзым етіп, тойды өткіземіз,
деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, биыл ақын, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды. 5 қыркүйекте туған күніне орай мерейтой жасалмақшы болған еді. Дегенмен ақын туып-өскен Қостанай облысында өрт шыққандықтан мерейтой кейінге шегерілді.