Президент Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің АӨСШК VI саммитінде 2024 жылы Астанада экологиялық проблемалар жөнінде конференция өткізуді ұсынды.
Мемлекет басшысы қазір экологиялық өлшемнің маңызы арта түскенін айтты. Климаттың өзгеруі уақыт өткен сайын болжап білуі қиын, әрі зардабы ауыр табиғат апаттарына алып келетінін айтып өтті.
2021 жылы Азияда мұндай жағдайлардан 57 миллион адам зардап шекті. 2050 жылға қарай Азия экономикасына осындай табиғи катаклизмдерден келетін ықтимал залал ЖІӨ-нің 26 процентіне дейін жетуі мүмкін. Таяуда Пәкістанда болған жойқын су тасқыны орасан зор гуманитарлық апатқа ұшыратты. Осындай қиын кезде біз Пәкістан халқымен және үкіметімен бірге екенімізді тағы да дәлелдедік. Климаттық дағдарыс әскери қақтығыстарға алып келіп, алапат әрі басқаруға келмейтін миграциялық нөпірдің катализаторына айналуы мүмкін,
деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемелекет басшысының айтуынша, Азия үшін экономиканы декарбонизациялау мәселесі өте өзекті. Бұл мәселені шешу үшін бұрын-соңды болмаған көлемдегі инвестиция қажет. Бір айдан кейін Египет COP27 климат конференциясын өткізеді.
2024 жылы Астанада АӨСШК елдеріндегі экологиялық мәселелер бойынша жоғары деңгейдегі конференция өткізуді ұсынамын. Сол конференцияның нәтижесі АӨСШК-нің экология саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңесін құруға негіз бола алады,
деді мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Астанада Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің АӨСШК VI саммиті өтіп жатыр. Шара аясында президент мемлекеттер мен үкіметтер басшысымен және халықаралық ұйымдар жетекшісімен екіжақты кездесу өткізеді.